Air Astana әуе компаниясына Алматыдан Шымкентке ұшатын Fly Arystan рейсін 15 сағатқа кешіктіргені үшін айыппұл салынды. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев мәлімдеді.
Қазір азаматтық Авиация комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен бірлесіп рейстердің көптеп кешігуі және жолаушылардың шағымдануына байланысты тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу кезінде 5 маусымда Air Astana компаниялар тобына кіретін Fly Arystan әуе тасымалдаушысының Алматы-Шымкент бағыты бойынша КС – 7105 рейсі 15 сағат 10 минутқа кешіккені белгілі болды. Ол рейс жолаушыларына ұшақтың ұшуын күткен уақытта «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңның 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, соның ішінде қонақ үй ұсынылмаған,
делінген хабарламада.
Осы жағдайға байланысты 28 шілдеде әуе компаниясының үстінен әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама жасалған.
Хаттама бойынша әуе компаниясына 1 000 АЕК (3 063 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Бұған дейін Air Astana компаниялар тобы 7 және 21 шілдеде 1 000 АЕК (3 063 000 теңге) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді. Жалпы алғанда, биыл Air Astana компаниялар тобы рейс кешіктірілген кезде жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін 9 189 000 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Комитет дерегі бойынша, рейстердің кешігуіне және жолаушылар құқығының бұзылуына байланысты тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бұған дейін рейстердің кешігу фактілері бойынша түсіп жатқан шағымдарды ескере келе, Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тергеу амалдарын бастағанын мәлімдеген еді. Министр жолаушылар құқығын бұзу фактілері анықталса, сол әуе компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтқан.