Алматылықтар коммуналды төлем едәуір қымбаттап кеткеніне наразы. Бұл жағдай қаланың әр ауданында байқалған.
Қала тұрғындары көппәтерлі тұрғын үйлердің чаттарында, әсіресе, жарық, жылу бағасы өсіп кеткенін жарыса жазып жатыр.
Massaget.kz жағдайға шолу жасап көрген екен.
Қала тұрғындарының бірі жылуға бір шаршы метріне 26,61 теңгеден төлесе, енді бір тұрғын 180 теңгеден, енді бір алматылық 88,81 теңгеден төлегенін айтады. Баға қаланың әр ауданында әртүрлі.
Тұрғындар жалпы коммуналды төлем үшін бірі 56 мың теңге, бірі 40 мың теңге, енді бірі 20 мың теңге төлесе, бұл соманы 60 мың теңгеге жеткізгендер де бар. Ал тағы бірі 25 мың теңге шыққанын айтады (ауданы әртүрлі шаршы метр болатын пәтерлерге — еск.).
Ұлттық экономика министрінің сөзінше, тарифтер алға қарай да өседі. Министр бұл табиғи экономикалық процесс екенін айтады. Сонымен қатар, ол қызмет құны мемлекет тарапынан реттелетінін, өсім маңызды себептермен болатынын мәлімдеді.
Бұл процесс «реттелетін тарифтер» деп аталады, яғни мемлекет оларды реттеп отырады. Бұл ақылға қонымды болса, мемлекет кезең-кезеңімен, біртіндеп көтеруге мүмкіндік береді. Өз кезегінде бізге қызмет көрсететін ұйымдар мұны сапалы, уақтылы жасай алуы керек,
деді ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.