Прокурор Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының мүлкін тәркілей отырып, оны 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұған қоса 10 жыл мемлекеттік қызмет істеуге тыйым салу, «Құрмет», «Парасат» ордендерінен айыру көзделіп отыр.
Жазасын өтеу үшін орта қауіпсіздік мекемесі белгіленсін. Қамауда отырған мерзімінің әр күні 1,5 күнге тең болып есептелсін,
деді мемлекеттік айыптаушы.
Қайрат Сатыбалды прокурор ұсынған жазамен келісті.
«Кінәмді мойындаймын, өкінемін, процессуалды келісімнің барлық пунктімен келісемін» деді ол.
Жәбірленуші тарап та процессуалды келісіммен келісіп, айыпталушыларға қоятын талаптарымыз жоқ деген. Бұған дейінгі сот отырысында Қайрат Сатыбалды КСО-ға келтірген 28 миллиард теңге, «Қазақтелеком» компаниясына келтірген 12 миллиард теңге залалын өтегені хабарланған.
21 қыркүйекте жәбірленуші тарап, «Көлік сервисі орталығы» компаниясы бұған дейін ұсынған медиация келісімін қайтарып алған. Ақпаратқа қарағанда, тараптар жаңа медиация келісім жасасқан. Соған орай, жәбірленуші тарап соттан алғашқы келісімді қайтару туралы өтінішті іс материалдарынан алып тастауды өтінді.
Бұл істе Қайрат Сатыбалдыдан бөлек, «Темир Триумф» иелерінің бірі Марат Мұхамбетжанов, спортшы Шыңғыс Қоңырбаев, «Қазақтелеком» бөлімінің басшысы Леонид Муравьев, «Көлік сервисі орталығының» топ-менеджері Ғайни Бекетовке айып тағылған. Көбі ақша жымқырды және сенімге кіру арқылы шығын келтірді деп айыпталған. Прокурор Мұхамбетжанов пен Бекетовке әрқайсысына алты жыл шартты жаза сұрады. Басшылық қызмет істеуге тыйым салуды өтінді. Ал Муравьев пен Қоңырбаевқа 2,6 жыл шартты жаза беру қажеттігін айтты. Үш жыл басшылық қызметтер атқаруға тыйым салынсын деді.