Астана соты Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты үкім шығарды. Сот Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырды.
«Сатыбалдыұлы 28-баптың 3-бөлігі, 189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы, 195-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Қайрат Сатыбалдыұлы мүлкі тәркілене отырып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айыра отырып, алты жылға бас бостандығынан айырылсын», — деп үкім шығарды Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов.
Президентке Сатыбалдыұлын Ұлттық қауіпсіздік органдарының генерал-майоры атағынан, сондай-ақ «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айыру туралы ұсыныс енгізілсін,
деп толықтырды судья.
Еске салайық, іс 16 қыркүйектен бастап Байқоңыр ауданының № 2 сотында қаралды. Қайрат Сатыбалдыұлы «Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша қылмыс жасады деп айыпталған.