Енді елге қайтарылған активтер есебінен қазақстандықтардың тұрмысы жақсарып, әл-ауқаты артады, дейді мәжілістегілер.
Дегенмен ресми статистика халықтың тұрмыс деңгейін нақты көрсетпей отыр.
Себебі елімізде орташа жалақы өте төмен, ал азық-түліктің бағасы шарықтап, жұмыссыз адамдардың саны көбейіп келеді.
Мәліметтерге сүйенсек, егер заң күшіне енсе Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін арнаулы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құрылады. Мәжіліс аталған заңды екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.
Құжатта сондай-ақ заңсыз алынған активтерді қайтарудың, оның ішінде оларды мемлекет меншігіне өз еркімен берудің жаңа тәсілдері енгізілген. «Негізсіз байлық (түсініксіз шыққан активтер)», «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам», «артық табыс» ұғымдары нақтыланып, «әкімшілік және билік ресурстары» деген жаңа ұғым енгізілген.