1 млн 380 мың теңгені алу үшін қандай шарттарын орындау керек?
Жалпы, «Атамекен» ҰКП-сы грант берумен немесе басқа да қаржылай қолдаумен айналыспайды. Бұл ұйым тек қаржылай емес қолдау түрлерін көрсетеді. Яғни, бизнеске қатысты түрлі кеңестер береді, оқытады, тоқытады. Палата биылдан бастап Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, «Мен кәсіпкермін» жобасын жүзеге асырғалы отыр. «Бұл жобаның өзі екі бағыттан тұрады: кәсіпкерлерді салалық оқыту және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарын құру.
Бірінші бағыт – кәсіпке бағыт. Кәсіпкерлерді әртүрлі салалар бойынша, мысалы, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, өндірістік мақсаттағы цехтар, әртүрлі қызмет көрсетулер бойынша салалық оқыту қызметтері көрсетіледі. Екінші бағыт – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары. Тек кеңес беріп қана қоймай, тәлімгерлік, мысалы, менторлық, бизнес шолу кәсіпорындарға. Диагностикасымен бірге жасап береді.
Кәсіп ашқысы келетін кәсіпкерге қаражат керегі түсінікті. Оны біреулер грант көзінен тауып жатады, енді бірі жеңілдетілген кредиттер мен субсидия көздерін таңдайды. Қысқасы, елде қаржылық қолдаудың түр-түрі бар дейді «Атамекен» өкілі.
«Кәсіпкерлікті қолдау» ұлттық жобасы аясында екі түрлі гранттың түрі бар.
Біріншісі – Еңбек министрлігі тарапынан берілетін 400 АЕК. Ол қазір 1 млн 380 мың теңге. Гранттың бұл түрі «Жұмыспен қамту орталықтары» арқылы беріледі және мұнда онлайн тіркелуге де болады. Жалпы, business.enbek.kz порталында тіркелу керек. Мұнда не жұмыссыз болуыңыз керек, не 3 жылға дейін кәсіпкер болуыңыз керек және әлеуметтік санаттарға жатуыңыз керек.
Әлеуметтік осал топтарға – қандастар, мүгедек жандар немесе мүгедектігі бар бала асыраушылар, аз қамтылған отбасыдан шыққан, я болмаса, көп балалы отбасының мүшелері жатады. Осы санаттағы азаматтар Skills.enbek (stest.enbek.kz) порталында «Бастау бизнес» оқуын оқып, сертификатын алуы керек.
Екінші гранттың түрі – ол 5 млн теңгеге дейін. Бұл, негізінен, жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік бөлімдері арқылы беріледі. Бұнда негізгі шарттардың бірі – кәсіпкер ретінде тіркеліп, грант мөлшерінің 20 пайызын өз қаражаты есебінен қосу керек. Бұнда осы екі гранттың түріне де бизнес-жоспар жазылуы керек.
Аталған гранттардан да басқа түрлері бар. Мысалы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» немесе жастарға арналған «Zhas Project». Бұл – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын жастарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Грантқа ілікпеген жағдайда, жастарға арналған 2,5 пайыздық несиені де қарап көруге болады. Биылдан бастап жастардың жасы 35-ке дейін көтерілгенін ескерсек, бұл жоба да талай жастың бағын ашып қалары анық, деп жазды Қаржылық Сауат арнасы.