Танымал айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай бұрынғы продюсері Мөлдір Мұқановамен жанжалдасып қалды. Мөлдір Мұқанова бұрынғы қамқорлығындағы айтыскердің жауапсыздығын меңзеп, сұхбат берген.
Жоғалып кетті
Айшолпан маған өзі келді. Халыққа ренжи береді екен. Өзінің жерлес айтыскер әпкерлері – Айнұр Тұрсынбаева мен Сара Тоқтамысоваға деген ренішін айтты. Әңгіме арасында негізі сол кісілер қолдау керек еді, бірақ сіз көмектесіп жүрсіз деп қалатын. Сөйтіп, 5 жылға келісімшарт жасап, продюсері болдым,
дейді Мөлдір Мұқанова журналист Асхат Садырбайға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, келісімшарттан екі пункттен алып тастаған. Біреуі – күйеуге шығуға болады, екіншісі – салмақ қоса берсең де ештеңе айтпаймын деген рұқсат.
Салмақ қоспау туралы шарт болса да, орындалмас еді (күлді). Басында барлығы әдемі болды. Концерттерге шықты. Бір күні сосын Айшолпан жоғалып кетті. Таппай қалдық. Сосын 3-4 күннен кейін жылап-еңіреп келді. «Кешіріңіз, қателестім, қайтадан жұмыс істейік» деп айтты. «Жарайды» деп кешірдім,
дейді продюсер.
Оның айтуынша, Айшолпан бұдан кейін тағы бір рет жоқ болып кеткен. Телефонын бәрін өшіріп тастайды екен.
Сол уақытта не істейтінін білмеймін. Өзінің жеке өмірі. Жас қыз, тұрмысқа шығуы керек. Бұлай жүруіне болмайды. Ел алдында жүрген адам жоқ болып кеткенде не істейтінін білсем де айта алмаймын,
дейді Мөлдір Мұқанова.
Бес талапты да орындамады
Айтыскер Айшолпан Тілеутай экс-продюсерінің бұл мәлімдемесімен келіспеді, айтуынша жоқ болып кетуінің өз себебі бар — Мөлдір ханым айтыскерге ақша төлемеген. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында бөлісті.
Бұл — тағы да әділдік талап ететін видео. Мен бұған жауап бермейін деп едім, алайда оқырмандар сұранысы бойынша жауап беруге тура келді. Менің бұрынғы продюсерім, атақты Тұрсынбек Қабатовтың жары Мөлдір ханым маған жала жауып, сұхбат бергенін барлығыңыз көрдіңіздер. Жанындағы журналистер менің дене бітіміме тиісіп, мысқылдап күліп отырғанына қатты намысым ұстап, жүрегім ауырды. Менің де намысым бар, оны таптатпайтын қызбын. Өткенде айтқандай мен ешкімнен қорықпаймын. Астанаға арман қуып келдім. Жас болған соң, бойымда жалын болған соң Астанаға келдім. Әкем — күзетші, анам — ұстаз. Сіздер сияқты асып-тасып жатқан байлығым жоқ. Ата-анамның үмітін ақтау үшін Астанаға келдім. Мөлдір ханымға жылап-еңіреп бармадым, Мөлдір ханым маған келіп, жұмыс істеуді ұсынды,
дейді ол видеода.
Ақынның айтуынша, Тұрсынбек Қабатов пен оның жары Мөлдір Мұқанова келісімшартта көрсетілген талаптарды орындамаған, айлық төлемеген.
«Астанада мені қолдайтын, қорғатын адам бар екен деп келісімшартқа отырдық. Келісімшарт бойынша Тұрсынбек аға мен Мөлдір ханым «Әзіл әлеміне» шығарып, киноға түсіру керек еді, концертпен және киіммен қамтамасыз етіп, айлығымды уақытылы төлеп отыруы керек болатын. Өкінішке қарай, бұл кісілер 5 талаптың біреуін де орындаған жоқ. Мені жаз бойы бай-манаптардың, министрлердің тойына тегін салып, аяғында ақшамды бермей қойды. Бір министр ағамыз домбыра сыйлаған еді, оны Мөлдір ханым «саған бере алмаймын, мен арқылы алдың деп өзінің үйіне қойды». «Осындай адамдармен қалай жұмыс істеймін» деп телефонымды алмай қойдым. «Айшолпанға бір костюм тігіп берген едім, сол костюмді әлі киіп жүр» дегенін естідім. Мөлдір ханым, егер сіз проектке костюм тігіп берсеңіз, ол сіздің продюсерлік міндетіңіз. Егер костюм тігіп бере алмасаңыз, продюсер болмай-ақ қойыңыз. Тұрсынбек аға мен Мөлдір ханым, маған төлемеген айлықпен байып кете қойыңыздар. Менің мазамды алмаңыздар, аяқтан шалмаңызар, өтірік айтып бай-балам салмаңыздар», — дейді өнер иесі.