Akon айтқан «Smack That» санамызды улайды дейді.
Бүгін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай көзге түсті.
Ол Akon деген әншінің Астанада өткен концертіне байланысты «ұлттық тәрбие өнегесінен ажырап барамыз» деп премьер-министрге сауал жолдап жіберді.
Айғайлағанның бәрі әнші емес!
деп өзі айғай сала жаздады.
Әлтайдың сөзінше:
- Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді.
- Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контекстінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті.
- Үшіншіден, «smack that» әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аңғарамыз.
- Төртіншіден, ұйымдастырушылардың әншіні ұлттық киіммен қарсы алып, домбыра сыйлағандары тіптен орынсыз. Қасиетті домбыраны жезөкшелік пен әйелдерді қорлауды насихаттаудың айқын сипатына ие «Smack that», «hypnotiser» сияқты әндерді орындайтын әншіге беру – парықсыздық, ұлттық құндылықтарды табанға таптау.
Солай деген депутат мынадай шараларды қолға алуды ұсынды:
– Мәдениет және ақпарат министрлігі шетелден елімізге кіретін мәдени өнімдерге, гасрольдік сапармен келушілерге қойылатын нақты талаптар жиынтығын әзірлеуі тиіс.
– Біздің нормамыз бен ұстанымдарымызға қайшы келетін өнімдерді таратпау үшін шетел әртістерін таңдауда қатаң талаптар сақталсын!
– Мәдени қауіпсіздіктің сақталуы үшін, елімізде өткізілетін концерттердің біздің ұлттық құндылықтарымызға зияны тимеуі қадағалансын.
– Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына «Салт-дәстүр және ұлттық құндылықтар» пәні енгізілсін.
– Ғылым және жоғарғы білім министрлігі жастар арасында ұлттық тәрбие жұмысын жетлдіруі тиіс.