Желіде Ернат Мелсұлы деген қоғам белсендісі «көзі ойылған» алаш қайраткерлері бейнеленген мерчтер сатылып жатқанын жазды.
Дінге қайшы
«Қазір бір компания жейделер сатып жатыр екен. Алаш қайраткерлерін бейнелеген. Бірақ көзін ойып тастаған. «Алаш арыстарының көзі неге ойылған?» деген сұрағыма, «Дін бойынша адамның көздері бейнеленген киімдер киюге болмайды» деп жауап берді»
деп жазды Ернат Мелсұлы.
Айтуынша, аталған өнімді оқушылар сатып алып, жаппай кие бастаған. Ол бұған жол беруге болмайды дейді.
«Шығарушылар өзінің бейнесін көзін «ойып» жариялай берсін. Бірақ Алаш қайраткерлерін өздерінің «діни» ұстанымына және Ұлт арыстарын мынадай бейнеде жейде қылып сатып, пайда табу кәсібіне араластырмағаны жөн» — деп жазды ол.
Ол дінге жауапты құзырлы мекеме мен Қазақстан Мұсылмандарының Діни басқармасынан осы мәселеге қатысты пікір білдіруді сұрады.
Ондай пәтуа жоқ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алаш қайраткерлерінің «көзін ойып», киім тіккен кәсіпкердің әрекетіне баға берді.
ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының жазуынша, мұндай киімдер жеке кәсіпкерлердің сату мақсатында жасап жатқан дүниелері болуы мүмкін. Алайда ұлт қайраткерлерін бұлай мансұқтауға болмайды.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алаш арыстарының көзі жасырылған киімдерді шығарып, сатудың дұрыс емес екенін мәлімдейді», — деп дазды әлеуметтік желіде ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.
Оның айтуынша, Шариғатта тірі жанның көзін салмай, бейнесін ғана салуға болады деген пәтуа жоқ. Мүфтият бұған қатысты пәтуа шығарған емес.
«Арыстарымызды бұлай «дәріптеуге» жол берілмеуі тиіс. Ел үшін жанын пида еткен Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді қайраткерлеріміздің асыл бейнелерін қорлауға болмайды. Мұндай әрекеттер – ұлт қаймақтарына деген құрметсіздік. Қазіргі уақытта адамдардың, жануарлардың, басқа да тіршілік иелерінің суреті салынған киімдер шығып жатыр. Асыл дініміз мұндай киімдерді шығаруға қарсылық білдірмейді. Алайда тірі жанның суреті салынған киіммен намаз оқымаған абзал. Мұндай киіммен намаз оқу – мәкруһ», — дейді ол.
Сондай-ақ, Ағабек Қонарбайұлы осы мәселеге қатысты сұхбат берген ҚМДБ төраға орынбасары, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлының сөзін кесіп, тек бір жақты бағытта пікір таратып, қоғамда екіұдай көзқарас тудыру дұрыс еместігін ескертеді.