Ұлескердің үні өшеді. Бұл дұрыс па, бұрыс па, оны уақыт көрсетеді.
Егер құрылыс компаниясының қоғам алдындағы жауапкершілігін заң жүзінде ашық, әділ талап еткенде, мұндай жағдай болмас еді.
Үлескер деген ұғымды алып тастаумен мәселе шешілмейтінін үкімет неге естен шығарады? Отыз жылда жауапкершілігі жоғары құрылыс компаниялар тобын қалыптастыра алмадық, енді келіп заңға өзгерістер енгізіп, үлескерлікке тыйым салмақшы, деп хабарлайды TengriLife.
Сонымен үкіметтің таратқан мәліметінде «Үлескерлердің қатысуымен құрылыс жүргізу саласындағы бақылауды күшейту және құрылыстың ұзаққа созылу тәуекелдерін азайту мақсатында заңнамаға жаңа түзетулер әзірленді», — делінген.
Анығында:
- үй сатып алуға алдын ала шарт жасасуға тыйым салу жоспарланып отыр, бұл үлескерлермен толыққанды шарт жасалмағандықтан, олардың алдын ала ақша беріп, алданып қалмауына мүмкіндік береді;
- құрылыс жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында үлескерлерден заңсыз ақша алып, кейіннен құрылысты тоқтатқаны үшін айыппұл санкцияларын ұлғайту қаралып жатыр.
Қазіргі уақытта бұл түзетулер – ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында,
дейді үкіметтің баспасөз қызметі.
Тағы қайталап айтамыз, бұл шектеу айналып келгенде, тұтынушылардың құқығын бұзу. Мәселен, кейбір елдерде үлескер жобаға қаржы құйғаннан кейін автоматты түрде алатын пәтерінің иесі атанады. Біздің заңнамада мұндай тетік жоқ.