Алматыдағы көлік базарының қызмет түріне қаншалық сай келетіні тексеріледі. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуінде бір тұрғын Төле би даңғылы мен Яссауи көшесінің қиылысында орналасқан «Car City» базарына қатысты сұрақ қойды.
Мен Ақсайда тұрамын. Біздің ықшамауданның орталығында Car City автобазары бар. Күн сайын базарға Алматы мен облыстан мыңдаған көлік жиналады. Базарға келгендер ауламызға көлігін қойып кетеді. Содан көлік қоятын орын жоқ немесе жай ғана серуендейтін жер жоқ, аумақ ластанған. Көлік базарын қала сыртына көшіруді сұраймыз,
деді тұрғын.
Әкімнің айтуынша, Алматыда қала ішінде орналаспауға тиіс базарлар көп.
Қала да қала ішінде болуы керек 56 базар бар. Бұл проблеманы шешіп жатырмыз, бірақ оны шешу оңай емес. Бірінші кезекте меншік құқығы мәселесі туындайды. Өкінішке қарай, жерге меншік құқығы актілері баяғыда шығарылып қойған. Сосын кез келген нысанды көшіру үшін оны ауыстыратын орын болуы керек, оған қоса нысан иесіне бірдеңе ұсыну керек. Бірақ бұл бірнәрсе істеуге болмайды деген сөз емес,
деді Ерболат Досаев.
Әкімнің айтуынша, жалға берілген жерді мақсатсыз пайдалану фактілері бар.
Мысалы, техникалық қызмет көрсету станциялары мен электр желілерінің астындағы басқа ғимараттар заңсыз. Оны алып тастауға болады, алып тастау керек те. Қызмет түріне қарай іріктеу керек: қайсы заңды, қайсы заңсыз, қайсын алуға болады, қайсын алу керек. Кішкентайдан бастап, ретке келтірейік. Аудан әкіміне прокуратурамен бірлесе отырып, осы жұмысты бастауды тапсырамын,
деді қала әкімі.