Алматы полициясы қалада 23 қыркүйекте өтетін Димаш Құдайбергеннің концертіне қатысты үндеу жасады.
Алматы полициясы концерт кезінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ПД-нің қызметтері мен бөлімшелерінің 2,5 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылатынын хабарлады.
Бұл Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық аренадағы айтулы оқиға. Сондықтан оны дүрбелеңсіз, бейберекетсіз және ешқандай құқық бұзушылықтарсыз өз деңгейінде өткізу өте маңызды. Полиция қызметкерлері концерт өтетін орын мен оған жақын аумақта қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Сонымен қатар Абай даңғылы мен Сәтбаев көшесінің бойына көліктерді қоюға тыйым салынғанын ескертеміз. Осыған байланысты қонақтарды көліктерін алдын ала тұраққа қоюға, қосалқы көшелерді пайдалануға және кептелістерді болдырмау үшін олардың бағытын алдын ала реттеуге шақырамыз,
деді Алматы ПД бастығы Арыстанғани Заппаров.
Ол концерт кезінде өзін-өзі ұстау мәдениетіне, алкогольді ішімдіктерді пайдалануға тыйым салуға ерекше назар аударылатынын айтты. Полиция аға буын жанкүйерлер мен балалары бар әйелдерге құрмет көрсетуге шақырды.