Алматы кез келген мезгілде де өз сұлулығымен таңдай қақтырады. Десе де әсіресе, күз ортасында қала алуан түске боялады. Ал бұл естелікке әдемі суретке түсуге болады деген сөз. Ендеше, Алматыда күзгі фотосессияға арналған 5 локацияны ұсынамыз.
Ботаника бағы
Ерекше фотосессия жасау үшін арнайы студия жалдап немесе қала сыртына, тау бөктеріне бару міндетті емес. Қала ішінде Ботаника бағына барсаңыз жеткілікті. Саябаққа кіру үшін небәрі 900 теңге төлеп, фотосессия жасап қайтыңыз. Оған қоса бақта серуендеп, бір сергіп қаласыз.
Мекен-жайы: Тимирязев көшесі, 36д к2
Тереңқұр
Әлеуметтік желіден сап-сары әрі қып-қызыл болған Тереңқұрдың видеоларын көрген шығарсыз. Онда міндетті түрде баруға кеңес береміз. Тереңқұрда тек фотоға түсіп қоймай, сүйікті кітабыңыз оқып, ыстық кофе ішіп қайтуға болады.
Мекен-жайы: Достық даңғылы бойы
Первомай тоғаны
Алда Хэллоуин келе жатыр, сондықтан күзгі фотосессияны осы мерекемен байланыстыруға болады. Ал алматылықтарға оны Первомай тоғандарына ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Әдемі локацияға барарда өзіңізбен бірге асқабақ, сабан секілді мерекелік детальдар алсаңыз, суретіңіздің ерекше болып шығатыны анық.
Мекен-жайы: Алматы облысы, Іле ауданы, с. Мұхаметжан Түймебаев, Өндірістік аймақ, 116-бөлім
Горький саябағындағы теміржол
Горький саябағында ерекше орын – үстіне қалың ағаштар еңкейген балалар темір жолы. Күзде жол сары үйеңкі жапырақтарымен жабылады. Үстінде паровоз бар, оның жанында ерекше суретке түсуге болады.
Мекен-жайы: Гоголь,1.
Панфилов саябағындағы Вознесенск кафедралы шіркеуі
Панфилов саябағындағы Вознесенск кафедралды шіркеуі — фотосессия үшін айрықша локация. Себебі шіркеудің түсі алтын күзбен үйлесіп-ақ тұрады. Ал жан-жағында ұшып жүрген көгершіндер — қосымша тегін детальдар.
Мекен-жайы: Гоголь және Пушкин көшесі қиылысы