Жас пилоттар академиясы – Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы жастар автоспорты саласындағы алғашқы ауқымды жоба. Жас пилоттар Академиясын Қазақстан Республикасының Автомотоспорт федерациясы (ҚР АМСФ) БАӘ-нің аймақтық тренингтік провайдері – Біріккен Араб Әмірліктерінің автоспорт Федерациясымен бірлесе отырып, FIA Халықаралық автоспорт федерациясының спортты дамыту Қорының қолдауымен ұйымдастырды. Жобаның мақсаты – Еуразия өңірінде автоспорт саласындағы жас таланттарды анықтау және дамыту.
Алматыда FIA Еуразиялық аймағының жеті елінен – Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан жас шабандоздар жиналды. Автоспорттың әртүрлі дисциплинасынан 15 пилот келді. 15 пен 21 жас аралығындағы пилоттар түрлі бағдарламалармен қамтылған тренингтерден өтіп, жарысқа қатысты.
Пилоттар Академиясының бағдарламасы Алматы маңындағы «Сокол» жаңа инновациялық автодромында үш күндік қарқынды сабақтарды қамтыды. 8 қыркүйекте таныстыру тимбилдингі өтті. 9 қыркүйек – «академиялық» болды. Тренинг бағдарламасы жас спортшыларға өздерінің спорттық дайындықтарын дұрыс құруды, тректегі спорттық және спорттық емес мінез-құлықты ажырата білуді, өздерін дұрыс физикалық формада ұстауды үйренуге көмектесетін психологиялық әдістер негізінде жасалды. Сондай-ақ жас спортшылар БАҚ-пен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керегін, әріптестер ұжымында қарым-қатынас орнатуды, сондай-ақ жарыс кезінде эмоцияларды бақылауды үйренді. Демеушілер мен «үздік» командалардың жаттықтырушыларының назарын аударту үшін, инвестиция сала бастауы үшін қандай маман болу керегі және неге ұмтылу керегі тренингтер барысында талқыланды.

Осылайша, 10 қыркүйекте жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды – бұл пилоттар Академиясын даярлау бағдарламасының шарықтау шегі болды.
Қазақстан Республикасы автомотоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаевтың айтуынша, біздің елімізде пилоттар Академиясы алғаш рет өтуде.
Қазақстанның автомотоспорт федерациясы бұл жобаға FIA Халықаралық Автоспорт Федерациясынан грант алды. Академия сабақтарын жыл сайын өткізуге ниет бар. Тренингке қатысушылардың мансабына бұл үлкен көмек болады. Сондай-ақ, жарыс жеңімпаздары мен болашағы зор жас пилоттар туралы ақпарат енді FIA-да болады. Енді спортшылар Академияда алған білімдері мен дағдыларын өздерінің алға жылжуы және одан әрі кәсіби өсуі үшін пайдаланады. Бұл жоба біздің елімізде авто пәндерге көбірек назар аудартады және техникалық спорт түрлерінің, атап айтқанда, қазіргі жастар арасында картингтің танымалдылығының артуына ықпал етеді деп үміттенеміз,
деді ол.
Марат Әбіқаев айтып өткендей, әлемнің түкпір-түкпірінде автоспортты белсенді дамыту үшін FIA Халықаралық автоспорт федерациясы өңірлік негізде бірлестіктер құруға жәрдемдеседі. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Автомотоспорт Федерациясының Президенті басқаратын FIA Еуразиялық аймағы осындай бірлестік болып табылады. Мұндай жобалар ұлттық федерациялардың ынтымақтастығын кеңейтуге, спортшылардың ұлттық жарыстарға қатысуын жеңілдетуге, спорттық және техникалық ережелерді үйлестіруге, сондай-ақ аймақтық чемпионаттар мен кубоктарды өткізуге қызмет етеді, деп атап өтті спикер. Сонымен қатар, картинг – бұл айналма жарыстың үлкен автоспорты басталатын дисциплина.
Көптеген жас спортшы өздерінің спорттық мансабын картингтен бастайды, содан кейін олар формула 4, формула 3, формула 2, ал ең үздіктері формула 1-ге ауысады,
деп қорытындылады Марат Әбіқаев.

Өз кезегінде FIA өкілі Ронан Морган ұйым Қазақстанда жасөспірімдер мен жастар автомотоспортының дамуын құптайтынын атап өтті.
Біз FIA Еуразиялық аймағында жас пилоттарды оқыту бағдарламасын іске қосқанымызға қуаныштымыз. Сондай-ақ, бұл Қазақстанда «Сокол» СТК базасында өтіп жатқаны тіпті керемет жаңалық. Автоспорт үшін пилоттардың жаңа буынын дайындауда аймақ пен Қазақстан Республикасының әлеуеті өте жоғары деп есептейміз. Мұнда жоғары нәтижеге қол жеткізе алатын талантты жігіттер көп. FIA президенті Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалайтыны және осындай жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсететіні кездейсоқ емес. Жас пилоттар академиясы жыл сайын өтетін іс-шара болады деп сенеміз және өңірдегі балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға қуатты серпін беріп, жастарға салауатты өмір салты құндылықтарын сіңіруге, сондай-ақ дұрыс, кәсіби қауіпсіз мотоспортты енгізуге және дамытуға көмектеседі деп үміттенеміз,
деп атап өтті Ронан Морган.
ҚР Автомотоспорт Федерациясының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда картингке арналған бір ғана мамандандырылған автодром – Алматы «Сокол» СТК жұмыс істейді. Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде Федерацияның қамқорлығымен қалыптасқан дәстүрді ұстанатын кәсіби секциялар мен картинг мектептері жұмыс істейді. Онда мотоспорттың бұл түрін мемлекеттік мектептер де, жеке техникалық бірлестіктер де, жеке энтузиастар да үйретеді. Секцияларда 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер айналысады. АМСФ өкілдері Қазақстанда автоспортты дамыту мемлекет тарапынан да, демеушілер тарапынан да қолдау мен назар аударуды қажет ететінін атап өтті, өйткені ол техникамен байланысты кез келген спорт түрі сияқты елеулі қаржылық салымдарды талап етеді. Сондықтан, еліміздің спорт ведомстволарында техникалық спорт түрлеріне көбірек көңіл бөлінгені жөн деп есептейміз, себебі бұл спорт түрлері жастардың бойында ержүректік пен патриотизм сезімін қалыптастыруға ғана емес, сонымен қатар халықаралық ареналарда еліміздің туын желбірететін таланттарды тәрбиелеуге көмектеседі.