Алматыдағы екі автобустың соқтығысуынан қаза тапқан ер адам жаяу жүргінші емес, автобус жолаушысы болып шықты. Мұхит Исахановтың туыстары қайғылы оқиға туралы мән-жайды КТК арнасына айтып берді.
Марқұмның әпкесінің сөзінше, Мұхит Исаханов автотұрақта тағылымдамадан өтіп жүрген және оқиға кезінде жүргізушінің қасында болған.
Біз камерадағы видеоны көрдік. 98-автобус Абылай хан көшесімен келе жатқанда оған 201-автобус соғылған. Жүргізушінің қасында тұрған ағам салоннан ұшып шығып, 201-автобус ағамды басып өткен. Барлық жаңалықта марқұм жаяу жүргінші делінген. Жоқ, ол жолаушы болған,
дейді марқұмның әпкесі Мөлдір Исаханова.
Мұхит Исаханов осы компанияға автобус жүргізушісі болып жұмысқа тұруды жоспарлаған. Бұл қызметте 18 жылдық тәжірибесі бар екеніне қарамастан тағылымдамадан өтуге міндетті болған. Қоғамдық көлік компаниясы да марқұмның автотұрақта тағылымдамадан өткенін растады. Алайда «Сити бас» серіктестігі апат күні ол автобус паркіне келмегенін мәлімдеді.
Марқұм 37 жаста болған. Отбасылы, екі баласы бар. Оның туыстары кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.
Жалғыз ұлымнан айырылдым. Ол сондай мейірімді, ешкімге жамандық жасамайтын. Енді балаларының қалай өсетінін де көрмей қалады. Автобус баламды басып өтті. Бізге тергеуші хабарласты. Мен бірнеше рет: «Мүмкін менің ұлым тірі шығар?» деп сұрадым. Мен оны бүгін таңертең соңғы рет көрдім. Ол сондай жас еді. Енді оның жас балалары, әйелі не болады? Кінәлілер жазасын алғанын қалаймын.
дейді марқұмның анасы Қарлығаш Исаханова.