Алматы полиция департаменті өкілдері автобустардың соқтығысуына қатысты мән-жайды анықтады.
Адам өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасы дерегін тексеріп жатқан Алматы қалалық ПД анықтау басқармасы мәліметінше, ЖКО сызбасына және бейнебақылау жүйелерінің талдауына сәйкес, 8 қараша 14:05-те жеке тасымалдаушылардың біріне тиесілі «МАЗ-203069» қоғамдық көлігінің жүргізушісі 1987 жылы туған А.есімді ер адам, Абылай хан даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып, Төле би даңғылының қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетіп, Төле би даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан «GOLDEN DRAGON XML6125CN» маркалы қоғамдық көлікпен соқтығысқан.
Оны 1963 жылы туған А. есімді ер адам басқарған. Соқтығысудан кейін 98-бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі қозғалысын жалғастырып, жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Салдарынан жаяу жүргіншілердің бірі — 37 жастағы ер адам оқиға орнында қаза болды.
Бұл дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Еске салайық, 8 қарашада Алматыда екі автобус соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тапты, 18 адам жарақаттанды.