Саин көшесінен діни ғимараттардың суретін байқауға болады. Бұл суреттер атеистік кеңес үкіметі тұсында салынған ба, әлде кейін салынған ба? Қашан, қалай пайда болған?
Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, «Алматы құрылыс жобасы» басқармасының бұрынғы басшысы Орысбай Баймырзаев бұл суреттердің тарихын баяндады. Ол Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры мен бұрынғы «Рахат» қонақүйінің жобасын сызған.
Суреті бар үйлер Жетісу-2 шағын ауданында тұр, сурет Саин көшесінен келе жатқанда анық көрінеді. Көшенің өзі 1960-жылдары құрыла бастаған. 1963 жылы «Ленгипрогор» жасаған жоспар қаланың 1980 жылға дейінгі келбетін көрсетті.
Осы уақыт ішінде тұрғындар саны 456 мыңнан 750 мыңға дейін өскен. Қаланы бос жатқан жерлер есебінен ұлғайту жоспары жасалды, әсіресе, батыстағы жерлерге күш салынды. 1970-1981 жылдар арасында Алматы қаласының картасында Жетісу шағын ауданы пайда болды.
Ал үйлердің сыртындағы алып суреттер қашан пайда болған?
Баймырзаев «Алматы үй салу комбинаты» (АДК) өз заманында бір-біріне ұқсас үйлер салып, сынға ұшырағанын айтады.
-Алматы қалалық атқарушы комитеті мен «Алматы үй салу комбинаты» арасында жыл сайын үйлердің сыртқы түрін жақсартып, өзгертіп отыру керектігі туралы ауызша келісім болған. Үй салу комбинатының бас сәулетшісі Юрий Алексеевич Москвин екеумізге (мен қаланың бас сәулетшісі болдым) ғимараттардың сыртқы түрін жақсарту туралы тапсырмалар берілді. Осылайша екіжақты ұсыныс пайда болып, әлеуметтік бағдарлама жасалды, біз бұл бағдарламаны комбинат жұмысына біртіндеп енгіздік. Үй салу комбинатына өзгеріс енгізу қиын еді. Өйткені жұмыс оңай емес. Панель дайындап, оны кептіріп, бояуы жанып кетпес үшін күйдіру… Осының бәрі өте қиын. Соған қарамастан, біз әйтеуір бірнәрсе істедік. Жетісудағы суреттер – сол жобаның бір бөлігі, — дейді сәулетші.
Суреттердің мағынасы қандай?
-Үйлерде өткен жылдардың жалпы философиясы бейнеленген. Ислам, павославие, будда тақырыптары қамтылаған. Дүниежүзілік сәулет мұраларының үлгісі бұлар. Мәселен, бір үйде сфинкс бейнеленген, — дейді Орысбай Жұбайұлы.
Ғимараттардың сыртына бұндай бейнелердің салынуын билік қалай қабылдады? Өйткені 70-80 жылдары діни тақырыптар құпталмаған.
— Қарсылық танытқан адамдар болды, олар болашақ коммунизмнің жарқын үлгісін салғанымызды қалады, алайда, біз өз идеямызды қорғаштадық. Ол кезде қаланың бас сәулетшісінде құзірет көп еді. Шіркеулер, мешіттер, пагодалар бізге дейін де болған, бізден кейін де болады. Біз қарсы болсақ та, болмасақ та, бұлар – тарихымыздың ажырамас бөлігі, — деді сәулетші.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: АПН