Журналист Михаил Козачков Алматыдағы танымал мейрамханалардың бірінде атыс болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист Telegram-арнасында оқиға куәгерлерінің хатын жариялады.
Кеше Әл-Фараби мен Назарбаев көшелерінің қиылысындағы Сансет мейрамханасында түнгі 12:30-да атыс болды. Маска киген 4 адам келіп, Макаров тапаншасынан мекеме ішінде оқ атты. Бір адам ішінен, екіншісі аяғынан жарақат алды. 30-40 минутта ішкі істер департаментінің барлық құрылымы мен департамент басшысы келді. Бұл туралы БАҚ жазып жатқан жоқ, өзімізді қорғансыз сезінеміз. Қала орталығында келіп, атып кете алады. Оның үстінде олардың әлі ұсталған-ұсталмағанын да білмейміз,
деп жазды оқырмандарының бірі.
Жазбаға қатысты пікір білдірген полиция департаменті Бұл деректің Бостандық аудандық полиция басқармасында тіркеліп, тергеліп жатқанын хабарлады.
Қылмыс орнына қалалық ПД бастығы Арыстанғани Заппаров бастаған жедел-тергеу тобы барды. Қазіргі таңда аталған қылмысты ашуға бағытталған кешенді жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Қалған қатысушылар анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылатын болады,
деп хабарлады полиция өкілдері.