Алматы көшелерінің атауы ара-тұра өзгеріп тұрады. Бұған тұрғындар да үйренген. Көп адам көшенің ескі атауы қайсы, жаңасы қайсы, оған мән беріп жатқан жоқ. Тарихта ізі қалған маңызды тұлғаның өмір жолы, сіңірген еңбегі ғимарат бұрышына ілінген шағын жазу боп қана көзге ілінеді.
Кез келген адам Абайды, Дінмұхамед Қонаевты, Сәкен Сейфуллинді жақсы білетініне күмән жоқ. Алайда тұрғындар арасында сауалнама жүргізгенде он адамның бірі ғана Әліби Жангелдиннің кім болғанын нақты білген. Жангелдин атындағы көше Алматыда бұрыннан бар екенін ескерсек, атауы жаңарған басқа көшелер туралы не айтуға болады?
Тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты Владимир Осколковтың сөзінше, адам туған жерінің тарихын білмесе, өз өлкесін тануға қызықпаса, тарихи тұлғаларды білмей жатады. Сөз барысында тарихшы бір оқиғаны есіне алды. Студенттерінің бірі қаладағы ірі көшелердің бірін иеленген Абдулла Розыбакиевтің атын естігенде қатты таңғалған, бұған дейін оны «Роза Бакиева» деп ойлап келген.
Тарихшы «Алматытану» пәнін енгізуді, көшеге аттары берілген тұлғалар бейнеленген ақпараттық қағаз жасауды, көшелердің атауы жазылған ақпараттық қағаздарды қоғамдық көлік аялдамасына ілуді бірнеше рет ұсынғанын, алайда, ешбір бастамасы әкімдік тарапынан қолдау таппағанын айтты. Сол себепті бастамаларын өз құзіреті жететін жерге дейін жасап жүргенін жасырмады.
Студенттерге мынадай тапсырма беруді қолға алдым: студент өзі тұратын көше кімнің атында болса, сол туралы ақпарат жинап келу керек. Студенттер басында бұл тапсырманы қуанышпен қабылдамаса да, кейін қызығып кетіп, өзі үшін көп нәрсе біліп шығады. Көшеге атау беру жұмысының өзі жүйесіз жүргізіліп жатады, мысалы, атаулары бірдей бірнеше көше бар, бірақ ол көшенің нақты қай тұлғаға берілгені түсініксіз,
дейді Владимир Осколков.
Тұлғалар қалай іріктеледі?
Түсіндірме жұмыстарының шала жүргізіліп жатқанын саясаткер Данияр Әшімбаев та атап өтті. Бұрын Алматыда «Олардың аттары көшеге берілген» деген анықтама болған. Қазіргі таңда ол тәжірибе қолданыста жоқ.
Қаланың орталығына аты берілген тұлға әдетте жеткілікті дәрежеде танымал болады, ал қаланың шет жағына танымалдығы аз адамның есімі беріледі. Көбіне ықпалды туыстары өзінің жақынының атын көшелерге беріп жатады. Сондықтан да адамдар көшенің аты берілген жанды танымайды. Қаланың үлкеюіне байланысты атаулары бірдей көшелер пайда болды, сондықтан оларды әркім әрқалай атап жүр,
дейді Данияр Әшімбаев.
Саясаткердің сөзінше, көшенің атауын лезде өзгерте салады, бірақ, жаңа атау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілмейді. Дегенмен тұрғындардың өздері де көшенің атауына қызығушылық танытса, ешқандай мәселе туындамас еді.
«Бірнеше жыл бұрын Алматыда кестелер ауыстырылып, кей көшелерге адамның аты-жөні толық жазылды. Тимирязевтің аты Климент болғаны көп адамды таңғалдырды. Бұл адамдардың таным көкжиегін кеңейтуге жасалған жақсы қадам болды», — деп мысал келтірді Әшімбаев.
Кейде түсіндірме жұмыстарының өзі нәтижесіз болып жатады. Тіпті тарихта аты қалған тұлғалардың өзін көшелерге бермейді.
«Қалада бәріне таныс 30 көше бар. Қалғандары қоғам үшін қараңғы орман тәрізді. Мысалы, кейбір атауларды ауыстырмай сол күйі қалдырды, ал тарихта аты қалған адамдарға көшелер берілмей қалды», — деп түсіндірді саясаткер.
Сарапшылардың сөзінше, бұл мәселеде қалыптасқан жүйе жоқ. Адамдарға қалай түсіндіруге болады? Оның бір ғана жолы бар, ол – тарихты тануға деген қызығушылықты ояту. Әшімбаев бір оқиғаны есіне алды. Тоқсаныншы жылдары алғашқы теңгенің бетінде тарихи тұлғалардың бейнесі пайда болғанда, көп адам «бұл кім?» деп қызығушылық танытқан. Кейбір адамдар сұрағына жауап алу үшін анықтамалар мен энциклопедияларды парақтаған.
Әр кестеде QR-кілт сөзі бар
Тағы бір қазақстандық саясаткер Марат Шибұтовтың сөзінше, алматылықтардың өз тарихын шала білуі жалпы білім беру деңгейін төмендетеді. Сарапшының айтуынша, мектептерге Алматы тарихы туралы арнайы пән енгізудің қажеті шамалы.
«Балалар қолданыстағы бағдарламадағы пәндерді әрең игеріп жатыр, сондықтан, жаңа пән олардың білімін толықтыра қоюы екіталай», – деді саясаткер.
Шибұтовтың ойынша, түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін көшелердің атауы жазылған кестеге QR-кілт сөзі қоса жазылу керек. Ол кілт сөз тұлға туралы барлық мәліметті шығарып береді. Саясаткер жүздеген жүргіншінің ішінде оны бұл кілт сөзді басса да, бұның өзі жақсы нәтиже екеніне сенімді.
Тарихты ақтарсақ…
Көк базарға жақын жерде тұрған Әшімбаев көшесі бір кездері Кавалерия атауын алған. Қазіргі атауын ҚазКСР тележүргізушісі, жазушы, әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың құрметіне алған. Әшімбаев 1980-жылдары танымал болған «Парыз бен Қарыз» телебағдарламасын жүргізген.
Әшімбаев көшесі бір қарағанда кішкентай болып көрінеді. Алайда бұл жерде екі бірдей маңызды нысан орналасқан, олар: №2 перзентхана мен Иверско-Серафимовский әйелдер монастыры аумағындағы София соборы.
Аталған перзентханада Алматының мыңдаған тұрғыны өмірге келді. София соборының тарихи маңызы зор, бұл жерде 1856 жылы қаладағы алғашқы православтық шіркеу орналасты.
Сондай-ақ Әшімбаев көшесінің бойында, шіркеу мен перзентхананың жанында Орталық мешіт орналасқан.
Бұл жерде Адольф Янушкевич (1803-1857 жж.) атындағы көше бар. Оның аты көпшілікке аса таныс емес. Янушкевич – көрнекті поляк-беларусь жазушысы, ақын, этнограф.
Янушкевич саяси қызметі үшін Қазақстанға жер аударылған, бұл жақта жүріп «Қырғыз даласына саяхаттан күнделік пен хаттар» мен «Сібірге саяхаттан күнделік» атты еңбектерін жазды. Янушкевич құнды мағлұматтар жинап, Қазақстан тарихына зор үлес қосты.
Жароков пен Розыбакиев көшелерінің ортасында Си Синхая (1905-1945 жж.) атты ерекше көше бар. Ол 300-ден астам музыкалық туынды жазған көрнекті қытайлық сазгердің құрметіне қойылған. Сазгер бірнеше жыл Алматыда тұрған.
1940 жылы Си Синхай КСРО-ға келген, бір жылдан соң Ұлы Отан соғысы басталып кеткен. Сазгер тарихи Отанына Синьцзян арқылы оралуға ұмтылған, алайда, жергілікті билік оны жібермеген. Си Синхай Алматыға осылай тап болған.
Сазгердің сол кезеңі туралы «Қытай» журналында былай делінген:
«Ол қалалық колхоздар Үйінде тұрған, кейін Дәнеш Байқадамова деген әйелдің пәтерінде тұрған. Оның ағасы Бақытжан Байқадамов музыкамен айналысқан. Дәнеш пен Бақытжан, музыкант Иванов-Сокольский Си Синхайға барынша көмек көрсеткен, оған тұратын үй мен тамақ берген».
Си Синхай мен Байқадамовтар қытайлық сазгер 1944 жылы үйіне кеткенге дейін жақсы достар болған. Сондықтан да Бақытжан Байқадамов пен Си Синхай көшелері бір-біріне жақын тұр.
Ал сәулетші Поль Гурдэнің (1846-1914 жж.) өмірбаяны өз алдына қызықты кітап тәрізді. Француздық сәулетші өз дарынын Ресейге паш етпек болған. Бірнеше жыл сонда жұмыс істеген, кейін Алматы қаласына шақырылған. Сәулетші шақыртуды қабыл алып, біздің елімізде еңбек еткен.
Алматыда Гурдэ қарапайым сызушыдан бас сәулетші деңгейіне дейін көтерілді. Ол қалалық училище, балалар Үйі, ерлер гимназиясы сияқты басқа да маңызды нысандардың жобасын сызды. Сондай-ақ Гурдэ атақты Әулие Вознесендік собордың құрылысына атсалысып, Ғабдуәлиев көпестің үйін (ғимарат «Қызыл таң» атымен танымал) қайта қалпына келтіруге қатысқан.
Гурдэнің көзі тірісінде аты көшеге берілген. Кейін ол көше Шоқан Уәлиханов атын алды. Бірнеше жылдан соң сәулетшінің есімі Достық шағын ауданындағы көшелердің біріне қайта берілді. Қаланың ортасында да сәулетші есімі аталады, Бөгенбай батыр көшесінде суреті тұр.
Сөз соңында…
Алматының күйбең тірлікке толы әр көшесі бір-бір тарих. Көше аттарын білу, тарихи тұлғалардың өмір жолын зерттеу – кейінгі ұрпаққа парыз.
Аударған Мейіргүл Оңғарова