Егде жастағы адамдармен қарым-қатынас кезінде олардан біртүрлі иіс шығатынын байқауға болады. Олардың барлығы дәрілік шөптердің қоспасынан тұратын парфюмерия тұтынатындай көрінеді.
Жалпы, бұл иісті сипаттау өте қиын, бірақ көптеген адам ол иістің қандай екенін біледі. Ғалымдар да бұл құбылысқа бас қатырып, осы «кәрілік» иістің көзін анықтауға тырысыпты. 2001 жылы жүргізілген зерттеу барысында олар оған жауапты химиялық элементті таба алды. Жиырма жыл ішінде басқа зерттеушілер бұл тұжырымға бірде-бір қарсы аргумент таба алмаған. Жұмбақ шешілген сияқты ма?
ХХІ ғасырдың басында жүргізілген эксперимент барысында анықталғандай, егде жастағы адамдардың үстінен олардың денесі бөлетін химиялық заттардың иісі шығады.
Жапондық зерттеушілер жүргізген эксперименттің мәні мынада: олар 26 мен 75 жас аралығындағы еріктілерге үш түн бойы денелерінен иістерді сіңіретін көйлек киюді ұсынды. Осыдан кейін ғылыми жұмыстың авторлары жиналған молекулаларды шығарып, масс-спектрометр — олардың концентрациясын анықтай алатын аппарат арқылы заттектерді таныды.
Заттектердің қоспасы
Барлық киімнен ғалымдар заттардың күрделі қоспасын тапты. Олардың концентрациясы шамамен бірдей болды, демек егде жастағы адамдар жастарға қарағанда қатты сасымайды. Бірақ зерттеушілер қызықты бірдеңе тапты — 40 жастан асқан адамдардың киімінде альдегид 2-ноненал бар. Әрі адам жасы ұлғайған сайын бұл заттек көбейе берген.
Сондай-ақ, альдегид 2-ноненал термен бірге бөлінбейтіні белгілі болды. Жасы үлкен адамдардың терісі қанықпаған омега-7 май қышқылдарын шығарады, олар ауада ыдырайды, содан кейін 2-ноненалға айналады.
Экспериментке 22 адамнан тұратын шағын топ қатысқанына қарамастан, ғалымдардың тұжырымдарының дұрыстығына қатысты сұрақ жоқ — зерттеушілердің басқа топтары оларды жоққа шығара алмады.
Ғалымдар егде жастағы адамдардан шыққан иісті «майлы шөп» деп сипаттайды. Бірақ әрбір қартайған адамның үстінен осы иіс шығатын болады деген заңдылық жоқ. Эксперимент барысында кейбір еріктілердің киімінде 2-ноненалдың концентрациясы төмен болғаны соншалық, масс-спектрометр оны әрең анықтаған. Демек, қарттықтың иісі барлық адамда бола бермейді. Бірақ бұған не әсер ететінін ешкім білмейді — оның пайда болу себебі әлі зерттелмеген.
Болжамдар бар
Неліктен егде жастағы адамдар дәрілік шөптермен аңқи бастайды — бұл ғалымдарға белгісіз, бірақ бірнеше қызықты болжамдар бар. Кейбір ғалымдар бұл иіс бізге алыс ата-бабаларымыздан берілген деп санайды. Бірақ дене бөлетін бұл элемент не үшін қажет, ол жағы белгісіз. Қартайған ағза омега-7 қышқылын көбірек бөледі деген нұсқа шынайыға жақын. Алайда, мұның себебі тағы да белгісіз болып қалып отыр.
Айта кету керек, кейбір жағдайларда адамнан басқа жағымсыз иіс бөлінуі мүмкін. Бұл негізінен колит, дисбиоз, қант диабеті, май бездерінің дұрыс жұмыс істемеуі және тіс аурулары сияқты әртүрлі аурулармен байланысты. Сондай-ақ, жағымсыз иіс кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдаумен байланысты болуы мүмкін — олар қанға сіңеді және мүшелерде жиналып, содан кейін баяу шығарылады. Сонымен қатар, егде жастағы адамдардың өзін-өзі күтуі қиындай түсетінін ескерген жөн. Нәтижесінде иістер нашар гигиенаның салдары болуы мүмкін.