Америкалық рэпер Канье Уэст қастандық теориясын белсенді қолдаушы Алекс Джонспен сұхбат кезінде бірнеше оғаш мәлімдемелер жасады, деп хабарлайды америкалық Rolling Stone журналы.
Тікелей эфирде рэпер Адольф Гитлерге деген сүйіспеншілігін мойындады, сонымен қатар Ресей президенті Владимир Путинді қолдайтынын мәлімдеді.
Мен Гитлердің тек жақсы жақтарын көремін. Мен бәрін жақсы көремін. Бұл жігіт хайвеилерді ойлап тапты, мен музыкант ретінде қолданатын микрофонды ойлап тапты. Сіз оның жақсы нәрсе жасағанын жоққа шығара алмайсыз. Мен осыдан жалықтым. Әр адамның өзіндік құндылығы бар, әсіресе Гитлерде. Ал Гитлер христиан болды. Маған Гитлер ұнайды,
деді Канье Уэст.
Айта кету керек, орындаушының мәлімдемелері шындыққа жанаспайды. Қазіргі микрофонның өнертапқышы нженер Эдуард Венте немесе неміс ғалымы Гервин Эрлах болып саналады (екеуі де Гитлер билікке келгенге дейін өз жаңалықтарын паш еткен). Нацистік көшбасшының діни көзқарастары туралы нақты мәлімет жоқ, бірақ Үшінші Рейхтің негізгі насихаттаушысы Йозеф Геббельс Гитлер христиан дінін жек көрді, ал фашистік Германияда «ариософия», оккульттік ілімдер мен неопагандық культтер өркендеді деп жазды.
Канье Уэстпен сұхбатқа оңшыл ұлтшыл және саяси шолушы Ник Фуэнтес те қатысты. Эфир кезінде Фуэнтес өзін «Путинді қолдаушы және Ресейшіл» деп санайтынын мәлімдеді, оған рэпер: «мен де», — деп жауап берді. Сондай-ақ, Уэст барлық еврейлерге қарсы емес екенін, бірақ нацистерді де жақсы көретінін және «зұлымдық» пен нацист сөздері бірге қолданылатынына қарсы екенін айтты.
Біз нацистерді айыптай беруді тоқтатуымыз керек. Мен еврейлерді жақсы көремін, бірақ мен нацистерді де жақсы көремін. Бірақ Гитлер 6 миллион еврейді өлтірген жоқ. Бұл дұрыс емес ақпарат,
деді Канье Уэст.
2016 жылы Канье Уэст бірнеше оғаш мәлімдемелерінен кейін ауруханаға жатқызылған болатын. Концерттері кезінде ол өзін Иса деп атады, Құдай және оның ұлылығы туралы айтты. Содан кейін Уэстке «биполярлық аффективті бұзылыс» диагнозы қойылды. Алайда рэпердің өзі ауру-сырқаудан ада екенін мәлімдеді.
Бұл ауру емес. Құдай мені ұйқыға батырып, басқаша өмір сүруім үшін мені қайта оятты,
деп түсіндірді сол кездегі жағдайын Канье Уэст.