Осы демалыста қызын шырылдатып, жұлқылап көлікке отырғызбақ болған ананың видеосы әлеуметтік желілерде таралып, жұрт талқысына түсті. Видеодан қыздың гимнастикамен айналысатынын байқауға болады, аяқ киімін киіп үлгермеген бе, суық күнде чешкимен жүр.
Кейін белгілі болғандай, оқиға Астана қаласындағы Алматы ауданында орын алған. ІІМ видео ізімен тергеу жүргізіп, мәселені анықтап, түсініктеме берді.
Әлеуметтік желілерде жүргізілген мониторинг кезінде белгісіз әйелдің кәмелетке толмаған қыздың денесіне зақым келтіргені түсірілген видеосы анықталды. Тексеру барысында 52 жастағы әйел мен оның 10 жасар баласы анықталды. Оқиғаға баланың жаттығу залынан кетпей қоюы себеп болған,
делінген ІІМ хабарламасында.
Қазіргі таңда әйелдің үстінен Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу немесе оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша іс қозғалып, оған 45 мың теңге айыппұл салынған.
Время порталының журналистері анықтағандай, зардап шеккен қыз — гимнаст Аяла Маматаева, ал қол көтерген анасы — Алмагүл Маматаева екенін анықтаған. Ал қыздың әкесі – Бас прокуратураның қызметкері Қадыржан Маматаев.
Прокурор порталға видеоға қатысты пікірін білдірген.
Қадыржан Маматаев бұл іспен Алматы аудандық полиция бөлімі айналысып жатқанын мәлімдеді. Әрі әйелінің әрекетін «ұру емес» деп түсіндірді.
Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, ол шынтағымен соғылған. Кеше видео әкімдіктегі комиссия қарады, комиссияда 12 адам бар, әрқайсысы 3-4 рет көріп шықты. Ол шынтағымен соғылған. Оқиға орнында полиция қызметкерлері болды, видеоға түсірді, көгерген немесе өзге де жарақаттар жоқ. Қызым жарысқа қатысуы керек еді, бірақ шеттетіп тастады. Ол – көркем гимнастикадан абсолютті чемпион, барлығы қызымнан сондай нәтиже күтті. Ал сіздер біз оны күнде ұратындай етіп көрсеттіңіздер. Иә, бұл спорт, талап қатал. Оның үстіне көркем гимнастика, өзіңіз жақсы түсінесіз,
деді ол журналистке берген сұхбатында.
Маматаевтың сөзінше, жаттықтырушы әйеліне қоңырау шалып, жаттығуға кедергі келтіргендіктен, алып кетуін сұраған.
Жұма күнге дайындалып жатқан, қалада жарыс өтіп жатты. Ал әйелім алып кетуге барды. Жұбайым ашуланған жоқ. Оның үстіне жаттықтырушы ертеңінде демалсын деген. Қызым енді спортпен шұғылданғысы келмейді. Жетістіктері көп еді…
деп қосты ол.
Бас прокуратурының қызметкері «Әйеліңіздің бұл ісін құптайсыз ба?» деген сұраққа жауап беруден бас тартты.
Бұл видео әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Оқиғаның неден шыққанын, қалай өрбігенін білмегендіктен көпшілік анасын кінәлай бастады.
«Далада осылай болса, үйінде не болып жатқанан Құдай білсін»,
«Амбициясы сұмдық аналар көбейді. Баланың дарыны болса, және өзі талпынып тұрса қолдауға болады, бірақ қалай да чемпион қыламын деп күресу – дұрыс емес. Кейін бәрі психологиясына әсер етеді»,
«Бұлай спортпен айналысқаны құрысын, ұрыс-керістен туындаған жетістіктің қайыры жоқ»
деп жазды оқырмандар.
Әкесінің айтуынша, Аяла Маматаева Қазақстанның абсолютті чемпионы, төрт ұлдан кейін дүниеге келген үйдің еркесі. Осы шудан кейін қызы гимнастикамен айналудан көңілі қалғанын айтады.