Бұл, жалпы, күлетін де нәрсе емес-ау. Отбасы болған соң өмірге бала келіп жатады. Бала келсе, оны күту бар дегендей.
Жалпы, бұл мәселеде Қазақстанның заңнамасы «ана»-«әке» деп бөліп қарамайды. Қалауын тапса, әкелер де декреттік демалысқа шығып, бала күтіміне берілетін тиісті жәрдемақысын сәбиі 3 жасқа толғанша өз атына ала алады.
Мұндай демалыс уақытында жалақы сақталмайтынын білесіз. Бірақ декреттік демалысқа шыққан ата-анаға берілетін жеңілдіктер де жоқ емес. Оны egemen.kz былай тізген:
- бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы;
- 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы (республикалық бюджеттен жұмыс істемейтіндерге арналған);
- мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем.
Біржолғы жәрдемақы туралы
Бірінші, екінші және үшінші балаға республикалық бюджеттен төленетін біржолғы жәрдемақы мөлшері – 38 АЕК (айлық есептік көрсеткіш). Биыл ол 131 100 теңгеге тең.
Төртінші және одан кейінгі балаларға төленетін біржолғы жәрдемақы мөлшері – 63 АЕК (217 350 теңге).
Бала күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақы туралы
Республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы мөлшері:
– бірінші балаға – 5,76 АЕК (19 872 теңге);
– екінші балаға – 6,81 АЕК (23 495 теңге);
– үшінші балаға – 7,85 АЕК (27 083 теңге);
– төртінші және одан кейінгі балаларға 8,90 АЕК (30 705 теңге).
Басты сұраққа оралайық.
Биыл 9 айда Қазақстан бойынша 500 мыңдай адам әлеуметтік төлем алған. Олардың басым көпшілігі – әйелдер (99,7%).
Қалған 0,3% немесе 1551 адам – ерлер. Соның ішінде 457 әке бала күтіміне берілетін жәрдемақны алғаш рет алыпты.
Қараша айында Қазақстан халқының саны 20 миллион болады деген ақпарат бар. Санымыз да көбейсін, сапамыз да арта берсін! Түркі әлемінің мемлекет басшылары табан тіреп жатқан Қазақ елінің келешегі – саналы ұрпақтың қолында қалсын! Осындай әдемі нотада жақсы тілекпен кезекті жұмыс аптасын аяқтағымыз келіп отыр.
Дереккөз: Қаржылық Сауат.