Қапшағайға екі күнде салып ұрып 40 мың адам келе салды.
Демалушылардың сау етіп жаппай келуіне шілденің ыстығы себеп. Өткен демалыс күндері қаладағы жағажайлар мен демалыс орындары адамға лық толды, дейді zakon.kz.
Содан су жағасында ине шаншар жер болмады.
Бірнеше апта бұрын бронь беріп қояды. Тапсырыстың көбі демалыс күндеріне, яғни сенбі мен жексенбіге беріледі. Жұмыс күндері әрең болса да орын табуға болады, бірақ негізінен орынның бәрі брондалған. Туристердің көпшілігі Алматы және Алматы облысындағы көршілес аудандардан келеді, дейді
демалыс аймағының иесі Николай Чалов.
Қонаев қаласы әкімдігінің шамалауынша, өткен демалыс күндері көлге 40 мың адам келген. Жалпы биыл 1 млн 200 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.
Қазір Қапшағай жағалауында 140 демалыс орны бар.
Өткен демалыс күндері Қонаев-Алматы тас жолындағы бірталай шақырымға созылған көлік кептелісінің видеосы тараған.
Құмырсқаша қаптаған туристердің көптігінен қаланың коммуналдық қызметтері күніне 15 тоннаға дейін қоқыс шығаруға мәжбүр.

Әдетте Алматыдан Қонаевқа жету үшін жарты сағат уақыт кетеді. Бірақ өткен жексенбі үйге жету көп алматылықтың арманына айналды. Кейбірі үйлеріне түн жарымда бір-ақ жетіпті.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сенсек, Алматы — Қонаев тас жолында Бақанас жолайрығынан Первомайкадағы көпірге дейін 70 шақырымдық кептеліс пайда болған.
«Қазавтожол» мамандары 16 шілдеде Қонаевтан Алматыға қарай 32 456 машина жүргенін хабарлады.
