Қарағанды облысындағы Шахан ауылында қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмған Әділ Нұркеновке ескерткіш орнатылды. Жауынгер дәл осы жерде туып-өскен.
Қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмған сарбаздардың біріне ескерткіш қойылды. Әскери қызметші Әділ Нұркенов Талдықорғанда құпия құжаттарды көшіру кезінде мерт болған. Небәрі 28 жасында қыршынынан қиылды.
Ауыл әкімі Ғалым Өмірбековтің сөзінше, ескерткіш орнату туралы идея қаңтарда туындаған. Нәтижесінде жергілікті демеуші Сапар Ибкеевтің қаражатына тұрғызылды.
Жауынгерлік қызметін өтеу барысында көрсеткен және мемлекетті қорғау кезіндегі жанқиярлық ерлігі үшін марқұмның туыстарына «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі табысталды.
Еске сала кетейік, қаңтардың басында елімізде жаппай тәртіпсіздіктер орын ала бастады. Оған себеп Жаңаөзендегі газ бағасының қымбаттауы еді. Наразылық акцияларын тоқтату үшін Тоқаев ҮҚШҰ елдерінің қарулы күштерінің көмегіне жүгінді. Ел билігі бұл оқиғаның артында «террористтер» тұр деген тұжырым жасады.
16 тамыз күні Бас прокуратура қаңтар оқиғасында қаза тапқан 238 адамның есімін жариялады.