Соңғы кездері еліміздің армиясындағы жантүршігерлік өлімдер халықты дүрбелеңге салды. Елді дүр сілкіндірді. Тек тамыз айында бірнеше қайғылы оқиға орын алды. Жас сарбаздардың жақындары өлімнің ресми нұсқасымен келісе бермейді.
19 тамызда Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүрген атыраулық әскери қызметкер өзіне қол жұмсады. Бекбол Мираш – Қызылқоға ауданы, Миялы ауылының тумасы.
18 жастағы Бекбол әскерге 2022 жылдың көктемінде шақырылған. Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге жіберілді. Сарбаз үйінің тұңғышы, артында қарындасы мен інісі қалды.
Бекбол Мираштың туыстары мен жақындары ол өзіне қол жұмсайтын адам емес деп, тергеу жүргізуді талап етіп отыр.
22 тамызда Алматыда әскери қызметші Абылай Сабыров қайтыс болды.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, сарбаз қызметтік міндетін орындау кезінде өзіне бекітілген тапаншамен өзін-өзі атып, алған жарақатынан қайтыс болған.
Абылай Сабыровтың өліміне қатысты қызметтік тергеу жүргізіледі.
9 тамызда Алматы облысында дауыл кезінде 19 жастағы Ұлттық ұлан әскери қызметшісі Алмас Шахимов қаза тапты. Қайғылы оқиға кешке оқу полигонында болды. Ресми нұсқада, қатардағы жауынгер әріптестерін қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп, шатырдың темір жақтауына басымен жарақат алған. Аруханаға жеткізілгенімен, сарбаз есін жимай көз жұмды.
17 тамызда Атырау облысында шекара қызметінің әскери қызметшісі Нұрбек Ерғалиев мемлекеттік шекара учаскелерінің бірінде қызмет атқару кезінде қайтыс болды. Сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша марқұмның жүрегі тоқтап қалғаны анықталды.
Марқұм Каспий теңізінің жағасындағы «Жанбай» заставасында қызмет еткен.
27 шілдеде ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің офицері Азат Үмбетұлы Қордай аудандық орталық ауруханасында көз жұмды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскеридің миына қан құйылып қайтыс болғанын хабарлады. Алайда марқұмның туыстары оның кісі қолынан қаза тапқанын айтты.
Айта кетейік, Қазақстан суицид бойынша әлем елдерінің арасында 20-шы орында. Ал 10-19 жас арасында 10-шы орында тұр.
Осындай қайғылы оқиғалар сарбаздар арасынада көбейіп барады. Оған кім кінәлі? Себебі неде? Нақты жауап жоқ.