Кезінде казинодан ақша ұтылып, 200 мың доллар қарызға кіріп кеткенін мойындаған әнші Бағлан Әбдрайымов Stan.kz сайтына берген сұхбатында қарыздан қалай құтылғанымен бөлісті.
Әншінің айтуынша, адам қарызсыз өмір сүруі екіталай. Адамдар арасындағы алыс-беріс қалыпты дүние. Бастысы қашпай, сөйлесу керек, ақылдасу керек.
Үлкен қарызға кіріп кеткен, кәсіпте жүрген немесе кезіндегі мен сияқты адасып қарызға кіріп кеткен адамдар болса сөйлесу керек (қарыз берушімен — автор). Адам адамды кешіреді. Адам адамды түсінеді. Мен 4-5 адамға қарыз болып, оларды шайға шақырып, бәрін ашық айттым. Ренжігендер де болды, «күтпеймін» дегендер де болды. Бірақ уақыт сұрап, аз-аздан қайтаруға келісіп алдық. Негізі мен тоғыз айда қайтарып беретін болып келіскен едім. Тоғыз ай емес, төрт жыл қайтты ғой. Ең адамның жүйкесін қоздыратын нәрсе – қашып жүру. Қарыз болсаң, назардан жоғалма. Хабарласса – жауап бер. Ол да адам ғой. Ашығын айтып, түсіндір,
дейді әртіс.
Естеріңізде болса, Бағлан Әбдрайымов құмар ойындардың құрбанына айналып, одан қалай емделіп шыққаны туралы кітап та жазған болатын. Әртістің айтуынша, «Ақ пен қара» кітабы 13 000 данамен шығарылған. Қазірде сатылымда 2000 данасы қалды.
Болашақта әнші адамдарға шабыт, мотивация беретін тағы бір кітап жазбақшы.