«Әл-Наср» шабуылшысы Криштиану Роналду Сауд Арабиясы чемпионатының 25-турындағы «Әл-Хиләлмен» матчта әдепсіз іс-әрекетімен көзге түсіп, арабтардың ашуын шығарды.
Ең алдымен, «Әл-Хиләлмен» ойында Роналдудың командасы жеңіліс тапты. Бұл жолы белгілі шабуылшының еш көмегі болмады. Одан бөлек ол екінші таймның басында ашуға беріліп, қарсыласының мойнына асылып, жерге құлатқан. Ойын ережесін өрескел бұзғанымен, бас төреші ойыншыға тек жасыл қағаз көрсетті. Шамасы, Роналду өзін жұлдыз санаса керек. Матч соңында алаңнан шығып бара жатқанда «Әл-Хиләл» жанкүйерлері Лионель Месси деп айқайлай бастады. Бұған жауап ретінде Роналду шатын ұстап, әдепсіз қимыл жасады. Бұл видео әлеуметтік желіде тарап та үлгерді.
Еуропа елі үшін аталмыш жағдай тек қоғамның назарына ілігіп аяқталар еді. Алайда Сауд Арабиясында мұндай оғаш әрекетке жол жоқ.
Marca мәліметінше, адвокат Ноуф бин Ахмед бұл оқиға үшін Криштиану Роналдуды тұтқындап, елден шығару бойынша прокуратураға арыз жазбақ.
Мен спорттың жанкүйері емеспін. Дегенмен, бұл көпшілік алдында арсыздық таныту қылмысы болып саналады. Оның жазасы бойынша адам тұтқынға алынады, ал шетелдік болса, елден шығарылады,
дейді заңгер.
Ал Роналду расымен де жазаланады ма, жоқ па? Бұл сұраққа нақты жауап айту қиын. Себебі, әлемдік жұлдыздан мұсылман елі айырылып қалғысы келмейтіні анық. Ол үшін ерекше жағдайлар жасалған. Мысалы, жергілікті заңға сәйкес, Роналду балаларының анасы Джорджина Родригеспен бір шаңырақ астында өмір сүре алмайды, өйткені олар ресми түрде некелерін қимаған.