Астанада белгісіз ер адам 7 қыз бен 1 күзетшіні тұтқынға алған.
Бейнебақылау камераларынан алынған бейнематериалға қарасақ, орта жастағы ер адам қолына тапанша ұстап, банк қызметкерінің желкесіне тақап тұр.Кейбір мәлімет бойынша, адамдарды кепілге алушы — Әлихан Мұрадовтың банктен алған қарызы болған бірақ аса үлкен сомада емес.
Оның талабы – «Каспий банктің» барлық активтерін балалар, науқастар, мүгедектер және кедейлер қорына аудару.
Полиция ер адаммен келіссөз жүргізуге тырысқан. Банк орналасқан тұрғын үй кешенінің тұрғындары эвакуацияланды. Куәгерлердің айтуынша, аймақты күзету үшін оқиға орнына әскерге шақырылған сарбаздар келген.
Ал Kaspi банкінің баспасөз қызметі қарулы азамат басып алған бөлімшеде тек банк қызметкерлері ғана кепілге алынғанын мәлімдеді.
Банк бөлімшесінде банк қызметкерлері ғана бар, клиенттер жоқ. Қызметкерлерге қоқан-лоқы жасап тұрған ер адаммен полиция келіссөз жүргізіп жатыр. Күштік құрылымдар және банк ешкімнің зардап шекпеуіне күш салады,
деп мәлімдеді банк өкілдері.
Артынша басқыншы ұсталып, кепілдегі адамдардың бәрі босатылды. Кепілге алынғандардар да, басқыншы да зардап шеккен жоқ. Басқыншымен келіссөздерді министр Марат Ахметжанов жүргізді. Ол әскери операцияны да басқарған.
Енді Әлихан Мұрадов 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған қатысты «Кепілге алу» бабымен іс қозғалған.
Айта кетейік, Әлихан Мұрадов 1993 жылы туған, Жамбыл облысының тумасы. 2013 жылдан бері есірткіге тәуелді ретінде тіркеуде тұрған. Адамдарды кепілге алған ол түрлі талаптар қойған. Олардың ішінде туыстарына көмек көрсету болған.