Ол ақшаны үйінен келіп алып кеткен. Адам осынша аңғал болар ма еді…
Қалай алданған дейсіз ғой? Алаяқтар телефонына қоңырау шалған. «Қызыңыз полицияда отыр, проблемасын шешкіңіз келсе, ақша жіберіңіз» депті. Мұндайда үлкен кісі, әрине, не істерін білмейді. Есінен танады. Ал, зейнеткердің Меккеге қажылыққа барам деп жинап отырған ақшасы бар екен. Қажылықтан бұрын қызының қауіпсіздігін ойлаған ана үйіне жіберілген «курьерге» 16 млн теңгесін санап берген.
Схема әдемі құрылған. Бұл Кәрістердің керемет киносын еске түсіреді. Дәл осындай сценариймен түсірілген фильм 2021 жылы шыққан. «На линии» деп аталады. Көріп шығыңыздар!
Ал, алаяқтар үлкен кісілердің әлсіз тұсын жақсы пайдаланып тұр. Тосын қоңыраудан үркіп қалатынын, артық әрекетке бара алмайтынын, баласы үшін бәрін жасауға дайын екенін біліп алған. Бір қоңырау: «Балаңыз полицияда…». Бітті. Ақша қалтада.
Бұл әдіс бұрыннан бар. Бірақ, біздің азаматтар одан сабақ алар емес. Бейтаныс адамдарға әлі сенеміз. Мысалы, жоғарыдағы жағдайда қалай әрекет еткен дұрыс? Бұл туралы Қаржылық сауат телеграм арнасы жақсылап жазыпты.
Ең алдымен балаңыздың өзіне хабарласу керек. Амандығын біліп, мән-жайды сұрау керек. Егер балаңыз белгілі бір себептермен байланыс аясынан тыс болса, 105-ке қоңырау шалған дұрыс. Полиция бөлімшесіне жеткізілген азаматтардың тізімі олардың қолында міндетті түрде болады. Болмаса, сұратады.