Қытайда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 66 адамға жетті. Тағы 15 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Қауіпті аймақтан 11 мың адам эвакуацияланды.
Қытайдың Сычуань провинциясында 6,8 балдық жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің эпицентрі шамамен 21 миллион халқы бар Чэнду қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 226 шақырым жерде орналасқан Лудинг таулы аймағында болды. Шамамен 65 адам жер сілкінісінің құрбаны болды.
Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Тоқаев Сычуань провинциясындағы жер сілкінісі салдарынан көптеген құрбандар мен зардап шеккендердің хабарына қатты өкінетінін жазды.
Осы қиын сәтте қазаның қайғысымен бөлісе отырып, барша қазақстандықтардың атынан және жеке өз атымнан сізге, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ бүкіл Қытай халқына шын жүректен көңіл айтамын. Табиғат апатынан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуі және хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың отбасыларына аман-есен оралуын тілейміз,
делінген мемлекет басшысының жеделхатында.
Қытай сейсмологиялық желілері орталығының мәліметтерінше, жерасты дүмпуінің ошағы 29,59 градус солтүстік ендік, 102,08 градус шығыс бойлық бағытында жатты. Тереңдігі 16 км.
Апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оған 6 жарым мыңнан аса маман жұмылдырылған. Үйінділер астынан тірі қалғандарды табу мен жапа шеккендерге көмек беру үшін ауыр техника, тікұшақ және дрондар қолданылып жатыр.