28 қарашада атыраулық белсенді Жаңылсын Жалғасова «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айыппен сотталды. Оның бір жылға бас бостандығы шектелді және 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттелді. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.
Биыл 3 шілдеде Жаңылсын Жалғасова Facebook парақшасында «Қазақстан Қарақалпақстандағы митингіні күшпен басу үшін әскер жіберіп жатыр» деген видеоны жариялап, басқалардан оны таратуды сұраған. Кейін полиция белсенді ұстап, Қылмыстық кодекстің «Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы (274-баптың 2-тармағы, 3-бөлігі) бойынша айыптаған. 5 шілдеде Жалғасова үйқамаққа ауыстырылды.
Сот үкіміне сәйкес, Жалғасова психологиялық-филологиялық сараптама жүргізуге кеткен 80669 теңгені және орташа ауыр қылмыс жасағандықтан жәбірленушілердің өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (45945 теңге) қаражатты төлеуі қажет. Судьяның айтуынша, белсендіге жаза тағайындау кезінде кәмелет жасына толмаған баласы бар екені ескерілген.
Жалғасова сот шешіміне шағым түсіретінін айтады. Ол өзінің үстінен қозғалған істің саяси астары бар екенін алға тартып отыр.
Ал оның адвокатының сөзінше, сот объектив түрде қаралмады. Себебі Жалғасова таратқан ақпаратының рас-өтірігін білмеді.