Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Аққұм ауылы өзінің көркем табиғатымен ғана емес, өте нашар интернетімен де танымал. Ұялы телефонмен сөйлесу үшін ауыл тұрғындары тауға көтерілуге мәжбүр. Ал мұғалімдердің жағдайы тіпті мүшкіл. Қазір мұғалімдер күн сайын электронды күнделікті толтыруға міндетті. Ал оқушылар информатика пәнін тек теория жүзінде ғана оқып келеді. Компьютерлер қолданылмай, шаң басып жатыр. Бұл туралы Оtyrar.kz хабарлайды.
Мектептің өзінде интернет бар. Алайда ол тек аты ғана. Айына он гигабайт бөлінеді екен. Ол үш күнге ғана жетеді. Ал интернеттің жылдамдығы тасбақаның жүрісінен де нашар.
Мектеп директоры нұсқаулық беріпті. Интернетті көшеге шығып іздеңдер деп. Мұғалімдер осылайша екі жыл бойы көше кезіп, интернетке қол жеткізіп жүр екен. Ноутбуктерін қолтықтап тауға да, қырға да шығып, әйтеуір дегенде электронды күнделіктерін толтырады екен. Күн суығанда көрші үйлерді паналайды.
Кейде адам лық толы кафелерге барады. Ол жерде жұмыс істеген ыңғайсыз, амал жоқ. Түнгі 12-ге дейін отыратын күндер де болады, әсіресе тоқсандық есеп беру кезінде. Балалары үйде жалғыз қалады. Мұғалімдер нағыз сығандарға айналыпты. Көрген жұрт солай дейді.
Шенеуніктер жағдайды біліп отырса да, түк бітірмеді. Спутник стансасын орнатқанның пайдасы болған жоқ. Интернет дұрыс жұмыс жасау үшін 45 метрлік мұнара орнату керек. Демеуші табылды, бірақ байланыс операторларымен келісу мүмкін болмапты.
Енді ауыл әкімдігі тағы да уәде берді. Министрлік тарапынан оптика жүргізіледі дейді. Содан кейін жағдай өзгереді-мыс. Бірақ нақты қашан орнатылатыны айтылмады.