Шалғай ауылдарды интернетке қоспаған байланыс операторларын лицензиясынан айырайық, деп бастама көтерді «AMANAT» партиясы.
Себебі мынау.
«Мобайл Сервис телеком», «Картел» және «Восток телеком» компаниялары «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» бағдарламасы бойынша өңірдің 220 ауылын интернетке қосуға тиіс болатын.
Алайда, бірқатар ауылды аралап, интернет қосылған ауылдардың саны 100-ге де жетпейтіні анықталыпты.
Ауылдардың жойылып кетуінің бір себебі – осы. Бұл жерлерден, әсіресе шекара маңындағы ауылдардан адамдар кетіп жатыр.
Оператор компаниялар 2027 жылға қарай барлығы қосылады дейді. Оған дейін бұл елді мекендерде ешкім қалмайды. Барлығының балалары бар, оларға сапалы, лайықты білім беру керек. Ал интернетсіз қалай оқуға болады? Ісіне немқұрайды қарайтын байланыс операторларынан лицензияларды қайтарып алу мүмкіндігін қарастыру қажет,
деді партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Айтқазы Шерубаев.
Мамандар басқаша дейді. Жыл соңына дейін Зайсан ауданының 8 елді мекені мен Тарбағатай ауданының 6 ауылы интернетпен қамтамасыз етеміз деп уәде беріп отыр.