Еуропада жаңа көлік сатылымы 17%-ке төмендеді, Қазақстан әлі бір қалыпта тұр (маусым айында сатылым 1%-ке төмендеді).
Компоненттерді жеткізу мәселелері, соның ішінде, жартылай өткізгіштер тапшылығы және Қытайдағы коронавирус шектеулер әлі де жаһандық автомобиль өнеркәсібінің өсуіне және сектордағы сұранысты қанағаттандыруға кедергі келтіріп жатыр. Бұл туралы energyprom.kz хабарлайды. Осылайша, маусымда Еуропада 1,1 миллионға жетер-жетпес жаңа көлік сатылған. Бұл 2021 жылғы маусыммен салыстырғанда 16,8%-ке аз. Теріс динамика қатарынан 11 ай бойы тіркеліп отыр және қазіргі жағдай, онсыз да бар проблемалардан басқа, Украинадағы жағдайға байланысты логистикалық ақаулар кесірінен қиындады.
Еуропа елдері арасында 2022 жылғы маусымда Германия жаңа автокөліктерді сату бойынша көшбасшы болды: 224,6 мың автокөлік – былтыр осы кезбен салыстырғанда 18,1%-ке аз. Келесі орында Франция тұр: 171,1 мың автокөлік – жыл бұрынғыдан 14,2%-ке аз. Ұлыбритания 141 мың жаңа көлік сатылған алғашқы үштікті аяқтап тұр. Бірден минус 24,3%, бұл — 1996 жылдан бері маусым айындағы ең төменгі көрсеткіш.
Ресейде жыл ішіндегі сатылым бірден 82%-ке төмендеп, 2022 жылғы маусымда небәрі 27,8 мың автокөлік сатылған, Беларусьте – 68%-ке аз, 1,1 мың автокөлік сатылған.
Жалпы, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Еуропада 5,6 млн жаңа автокөлік сатылған, құлдырау — 13,7%. Ресейде сатылым 57%-ке азайып, небәрі 370,2 мың автокөлік өткен, Беларусьте – 47,2%-ке төмендеп, 11,9 мың автокөлік сатылған.
Қазақстанда автомобиль өнеркәсібіндегі жағдай анағұрлым оң болып көрінеді: маусымда 11,9 мың жаңа автокөлік сатылған. Бұл 2021 жылғы маусыммен салыстырғанда небәрі 1,1%-ке аз. Отандық автокөліктердің үлесі жалпы сатылымда 83,5%-ке дейін өсті.
Жалпы биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында 51,9 мың жаңа көлік сатылды, бұл 2021 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 8%-ке ғана аз.
Қазақстан Республикасы қалалары контекстінде 2022 жылғы маусымда жаңа автокөліктердің жартысынан астамын үш мегаполис тұрғындары сатып алған: Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент. Қарағанды мен Қостанайда да айтарлықтай сату көлемі байқалды.
Ең көп сатылған көлік үлгілері Chevrolet Cobalt, Chevrolet Nexia және Hyundai Tucson болды.