Мектепте Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеиді мадақтайтын әнді айтудан бас тартқаны үшін соққыға жығылған 16 жастағы ирандық Асра Панахи қайтыс болды. Бұл туралы The Guardian басылымы ирандық мұғалімдер кәсіподағына сілтеме жасап хабарлады.
Iran International ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 13 қазанда полиция отряды Иранның Ардебиль қаласындағы қыздар оқитын мектептің біріне келіп, оқушыларды үкіметті жақтайтын шеруге қатысуын талап еткен. Онда қыздар Иранның көсемі Аятолла Әли Хаменеиді мадақтайтын үгіт-насихат әнін айтуы керек еді. Алайда оқушы қыздар ән орындаудан бас тартқан.
Полицейлер сөзге көнбеген қыздарды аяусыз ұра бастаған. Соққы салдарынан 10 оқушы қыз ауруханаға түсті. 14 қазанда олардың бірі Асра Панахи ауруханада қайтыс болды. Сонымен қатар, соққыдан кейін полицейлер бірнеше қызды ұстап, белгісіз бағытқа алып кеткен.
Иран билігі оқушы қыздың өліміне қауіпсіздік күштерінің кінәлі екенін жоққа шығарған. Оған қоса олар қыз туа біткен жүрек ақауынан қайтыс болғанын мәлімдеп отыр.
Асра Панахидің өлімінен кейін Ардебильде наразылықтар қайтадан күшейе түсті. 16 қазанда Twitter желісінде жарияланған видеода наразылық білдірушілердің полиция қызметкерлеріне тас лақтырып, көлік дөңгелектерін өртеп жатқаны көрінеді. Оған қоса протеске шыққандар: «Полковник! Бүгін менің қызым, ал ертең сенікі!» деп айтқан.
“Hey Colonel! Today it’s our daughter’s turn, tomorrow it will be your daughter’s. This will happen to you too,” an Iranian man is heard shouting in a video of Saturday protests in Ardabil over the killing of a schoolgirl named Asra Panahi during a raid on a high school. pic.twitter.com/Uh476AUVTP
— Iran International English (@IranIntl_En) October 16, 2022
Иранның мұғалімдер кәсіподақ ұйымы полицияның ел мектептеріне жүргізген бірқатар рейдінен кейін білім министрінің отставкаға кетуін талап етті.
Еске салайық, Ирандағы наразылық митингісі 13 қыркүйекте полиция 22 жастағы Махса Аминиді хиджабты «дұрыс емес» кигені үшін ұстап, ұрып-соғып, салдарынан қайтыс болғаннан кейін басталды. Билік саясатына наразылық белгісі ретінде ирандық әйелдер хиджабтарын шешіп, өртеді. Ал жоғары сынып оқушылары наразылықтың қозғаушы күштерінің біріне айналды. Көшедегі әрекеттерді күшпен басу әрекеті нәтижесінде әртүрлі деректер бойынша 215-тен 233-ке дейін адам қаза тапты, оның 27-сі — жасөспірімдер.