Қазақстан экономикасы қандай екенін қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов түсіндіре салды.
Ол былай дейді:
«Қазақстан экономикасы – мемлекеттік капитализм.
Экономиканың негізгі ойыншылары – квазимемлекеттік сектор, негізгі инвестиция көзі – мемлекет. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 20+%-ға дейін өссе де, оның экономикада айтарлықтай рөлі жоқ, олар көбіне микро жұмыс берушілер.
«Самұрық-Қазынада» 300-дей компания бар, «Бәйтерек» холдингіне жүздеген компания қарап отыр (холдингтен субсидия алатындарын қоса алғанда).
Құрылыс компаниялары зейнетақы жинағынан «артылған» ақшаны кеміріп жатыр.
Жекеменшік бизнестің мақтанатындай жетістігі жоқ. Біріншіден, табысы жоғары салалар бос емес, ал ұсақ өндіріс орындары валюта бағамы мен импорттық шикізатқа тәуелді болғандықтан, субсидиясыз күн көре алмайды.
Ашығын айтқанда,
үкімет пен Экономика министрлігі Қазақстан экономикасында түк те шешпейді.
Қазақстан экономикасы ескі-жаңа Қазақстаннан қалған он-шақты олигарх пен солардың туыстары мен таныстарының қолында. Сол себепті күні кешеге дейін кез келген банктің құдіреті реттеуші органнан мықты боп келді. Тіпті аймақ әкімдері өз орынбасарларын олигархтардың келісімінсіз ауыстыра алмайтын.
Тағайындалған әкімдер қызметінің алғашқы жылында әкімдіктің мердігерін өзгерте алмайтын».