30 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Алматыда гольфтан ауқымды Elitstroy Club Championship-2023 жарысы өтті. Дәстүрге айналған чемпионат NURTAU гольф клубында ұйымдастырылды.
Elitstroy Club Championship турнирінің басты демеушісі «Элитстрой» компаниялар тобы.
«Элитстрой» компаниялар тобы еліміздің құрылыс нарығындағы көшбасшылардың бірі болып табылады. Компания 1999 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде ол ұзақ жолдан өтті: құрылыс бизнесінің бастауында тұрған және жеке үйлердің құрылысымен айналысатын компаниядан құрылыс нарығының белгілі қатысушысына дейін, ондаған гектарды алып жатқан тұтас аудандарды тұрғызды.
«Казахювелир» зергерлік компаниясы — 1941 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тарихи бренд, оның негізінде қазақ халқының мұрасы жатыр. Бұл қазақ мәдениетінің эстетикасы мен символикасын бейнелейтін зергерлік бұйымдар ғана емес, сонымен қатар әрбір бұйымға салынған қазақ зергерлерінің шеберлігінің шағын тарихы.
«AlmaWine» шарап зауытының Қазақстан бойынша 24 филиалы бар. Бүгінде Алматы, Астана және Петропавл қалаларында 6 дүкені ашылған. Сондай-ақ Қазақстанда алкоголь өнімінің ірі импорттаушысы және дистрибьюторы болып табылады.
«The Imperial Tailoring Co» киім тігу ательесі. Ателье мінсіз іскерлік стильді қолға алған бренд. Олар маталар мен аксессуарларды тікелей Италия өндірушілерінен алдырады.
Сондай-ақ «Glenfiddich» және «Серебрянка» алкоголь өнімдері.
«Еlitstroy Club Championship» қысқа уақыт ішінде ең күтілетін, ең ауқымды шараның біріне айнала білді. Қазақстандық гольф сүйер қауым аталмыш турнирді үшінші «даулыға» деп атап кеткен. Алғашқы екуіне Қазақстан чемпоинаты мен ҚР Президентінің Кубогы кіреді.

Жарысқа ұзын-ырғасы 140-тан аса адам қатысты. Олардың ішінде жастары да, беделді қызметте жүрген азаматтар және шетелдіктер де бар. Қатысу құны – 50 000 теңге. Турнирден түскен қаржыны ұйымдастырушылар қайырымдылық қорына аударады. Бекзат Сарманов гольф спортын дамытуды қолға алған басты ұйымдастырушы. Оның бастамасымен әлемдік үздіктер киетін «жасыл күртеше» дәстүрі Қазақстанға да келді. Бұл мәртебе жарысқа қатысатын әрбір кәсіби гольфшының арманы.
Алғашы рет ұйымдастырған жылдары қатысушылар саны аз болатын. Ол кезде көпшілігі гольф спорты туралы біле бермейтін. Қазір өте жақсы тенденция қалыптасып қалды. Бүгін 152 адам қатысып жатыр. Дайындықтары жақсы. Біз қазір гандикапы көп ойыншыларды турнирге жібермейміз, кішкене жаттықсын, тәжірибе жинасын деген мақсатта. Сапалы ойын болу үшін іріктеуге үлкен көңіл бөлеміз,
Бекзат Сарманов, «Элитстрой групп» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, турнирдің ұйымдастырушысы.

Көп азаматтар гольфтың не екенін түсінбейді. Байлардың, ақшасы барлардың ойыны деп әңгіме қылады. Менің сана-сезімімнің түсінгені – бұл пікір қате. Бұл нағыз қазақтың ойыны. Кезінде ата-бабаларымыз жаяу жүрген, малын баққан. Гольф сол сияқты. 18 алаңды аралап жүру үшін 14-15 км жаяу жүресің. Бұл денсаулыққа өте пайдалы. Сонымен қатар жас келген сайын омыртқаға физикалық жаттығулар керек. Табиғаттың таза ауасы сана-сезіміңе жақсы демалыс береді,
чемпионатқа қатысушы Әбдірахман аға.

Өзім он жылдай уақыт гольфпен айналысып келемін. Жас жігіттер соңғы жылдары белсенділік танытып келеді. Федерация президенті оларға жақсы жағдай жасап жатыр. Қазір ақша төлемей, балаларды тегін үйрететін мүмкіндік бар. Олар біздің болашағымыз. Гольфті бала кезден ойнап үйренген дұрыс,
Маратқали Нүкенов, турнирге қатысушы, генерал-майор.

Қазақтың баласы неге тек қана футбол немесе жұдырықтасумен айналысуы керек? Қазір әркімнің мүмкіншілігі жетеді. Себебі гольф спорты 2017 жылдан бастап олимпиада ойындары қатарына енген. Сондықтан келешекте еліміздің намысын қорғайтын жас азаматтар болуы керек. Қазақстанның гольф федерациясы президентінің бастамасымен осы жылдың жаз айында балаларға тегін үйрететін гольф мектептері ашылды. Алматы, Астана, Щучинск, Өскемен және Қостанай қалаларында 600 бала гольф спортымен кәсіби шұғылдануға мүмкіндік алды.
Қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру және гольф спортын дамыту мақсатында аталмыш турнирлерді өткізу өте маңызды. Осымен 7-жыл қатарынан жарысты ұйымдастырып келе жатқан Бекзат Сармановқа алғысым шексіз,
Берік Қаниев, Қазақстан гольф федерациясының президенті.
Берік Қаниев биыл Иманғали Тасмағамбетовтің орнына Қазақстан гольф федерациясының президенті болып сайланды. Қаниев – қазақстандық кәсіпкер және қоғам қайраткері. Ол сонымен қатар «Жас Қыран» жасөспірімдер футбол орталығының, Республикалық физика-математика мектебінің және басқа да жобалардың негізін қалаушы.

Ойыншылар үшін жеңіс емес, қатысу маңызды болды. Олардың айтуынша, гольф сабырлыққа, шыдамдылыққа үйретеді. Жаңа адамдармен танысып, жақсы орта құруға арналған спорт.
Осы турнирге бірінші рет қатысып жатырмын. Мен үшін қатысу маңызды, бірақ мен жеңсем, дәрежемнің ерекше өскені деп санаймын,
Гүлжама Жазайытбекова, турнирге қатысушы.
Екі күнге созылған турнирдің қорытындысы бойынша екі абсолютті жеңімпаз анықталды. Әйелдер мен ерлер арасында мықты нәтиже көрсетіп, «жасыл күртеше» киген жеңімпаздардың қуанышында шек болмады. Қатысушылардың құрметіне мол дастархан жайылып, бағалы сыйлықтар таратылды.
Ерлер арасында бірінші орынды Аят Қарбеков иеленді. Әйлердер арасында Светлана Кан абсолютті чемпион атанды.
Қазақстандағы гольфтың тарихы 1995 жылдан басталады. Бірінші гольф клуб сол жылы Алматыда ашылған. Ең соңғысы 2017 жылы Щучинскте ашылды.



