Блогер Аршат Оразов Түркияда кең таралған алаяқтық схемасы Қазақстанға келіп жатқаны туралы жазды. Алаяқтар алғашқылардың бірі болып блогерге тап келген, ол алаяқтардың схемасын зерттеп көру мақсатында ұсынысқа келіскен.
Блогердің айтуынша, алаяқтар Whatsapp арқылы жұмыс ұсынады. Келіссеңіз бір Телеграм аккаунтқа жібереді. Өте сыпайы менеджер жұмысты түсіндіреді: отельдерге жұлдыз қойып, скрин тапсыру арқылы ақша табасыз. Күніне 10000-68000 арасы. Әдемі ақша әрине.
Алғашқы сындарынан «сүрінбей» өттім. Берілген 10 отельге лайк басып, скриндерін тапсырдым. Әдейі біреуінен қате жіберіп едім, басқа отельге лайк басып. Оны «бастықтарым» байқамады. Алғашқы тапсырма үшін картама 2500 тг жіберді,
дейді Аршат Оразов.
Ертеңіне блогерді бірнеше адам отырған топқа қосқан, тапсырмалар осы жерден беріле бастаған. Алдымен 2 отельге лайк басуды сұраған. Бұдан соң қатысушыларға өз ақшасынан бронь жасау ұсынылған. Сол ақшамен қатар комиссия түсетінін айтқан. Көбірек бронь жасалған сайын көбірек ақша табасың деп уәде берген. Алайда броньдар Booking сияқты платформаларда емес, біреудің картасына аударылуы керек.
Мен қазір картамнан аудара алмайтынымды, бірақ ақша бар екенін, карталарымдағы бұғатты шешу үшін 40 мыңдай ақша бере тұруларын, шешілген бойда қайтаратынымды айтып, алаяққа алаяқтық жасағым келген, бұл өтпеді әрине,
дейді ол.
Бұдан кейін өздерінің адамдары ақша аудардық деп скриндарын жібере бастаған. Біреуінде МСК уақыты деп біздегі уақыт тұр, яғни әлі болмаған уақыт. Біреуі Халықбанктан басқа банкке комиссиясыз жіберген, транзакция номері 10 сандық емес, 11 сандық, уақыты фотошоппен емес, кәдімгі смартфонмен нашар қойыла салған. Блогер осы олқылықтарды айтқанда ұйымдастырушылар оны топтан бірден шығарып жіберген.
Жалпы айтқанда соңғы кезде біраз тоқырауға кеткен алаяқтық жүйелері жаңаша келбет ала бастапты. Осындай сипаттағы жұмыстармен алдайды, алғашқы «еңбекақыңды» аударады, арнайы менеджерлер тағайындайды, сыпайы сөйлеседі. Тек өзгермеген бір нәрсе: сенен ақша сұрауы. Міне, осы кезде олардың қулығына түспеу керек. Кез келген алаяқтықта солай — көбірек ақша тапқың келсе, алдымен бізге бер дейді,
деп жазды блогер.
Сақтықта қорлық жоқ, мұндайларға сенбеңіздер, деп қорытындылады Аршат Оразов.