Экономист Айбар Олжаев осы сұрақ төңірегінде шағын сараптама жасап көрген екен. Себебі, биылдан бастап қазақ жастары жаппай Англия бағытын меңгере бастады. Және бұл назар аудартпай қоймайды.
Олжаевтың жазуынша, WPR деректеріне сай, 2019 жылы гастербайтерлер Қазақстанға жіберген қаржы біздің сол жылғы ішкі жалпы өнімнің 0,3 пайызын құраған. Ал 2022 жылы Қазақстанға сырттан тартылған қаржы көлемінің 676,8 миллиард теңгені құрағанын, ішкі жалпы өнімнің 102,9 триллион теңге болғанын ескерсек, онда қазақ гастербайтерлерінің ел экономикасындағы үлесі 0,6 пайыз болғанын көреміз.
Яғни үш жыл ішінде гастербайтерлердің Қазақстан экономикасына тигізетін жағымды әсері екі есеге көбейген,
деп жазды ол.
Айтуынша, қазір шетелде шамамен 135 мың қазақ гастербайтері жүр. Ал әр гастербайтердің Қазақстанға жылына алып келетін орташа чегі — 5 миллион теңге.
Бұл ретте, макроэкономикалық тұрғыда, сыртқы төлем балансы жағынан алып қарасақ, гастербайтерлердің өте игі іспен айналысып жатқанын байқай аламыз. Назарбаев кланы мен олигархтар елден капиталды сыртқа шығарып, біздің экономиканы тұралатса, гастербайтерлер керісінше Қазақстанға валюта алып келуде. Ол өз кезегінде теңгенің тұрақты болуын қамтамасыз ете алады,
деп есептейді Айбар Олжаев.
Алайда қазақ гастербайтерлері елеулі күшке айналып, ел экономикасын әртараптандыруы үшін олардың экономикадағы үлесі кемінде 10 пайыздан асуы тиіс. Бірақ онда егер қазіргі чек сақталса, кемінде 2 миллион қазақ сыртта жұмыс істеуі керек екен. Қазір елдегі экономикалық белсенді халық саны 10 миллион адам шамасында. Оның бестен бірінің сыртта жүруі ішкі тұтынуға да, салық базасына үлкен зиян әкеледі. Ал бұл, Олжаевтың айтуынша, экономикаға кері әсерін тигізеді.
Жалпы, гастербайтерлікке қатысты мынадай ұстаным бар. Егер халық саны көп болса және экономика ішкі нарықта жеткілікті жұмыс орнын қамтамасыз ете алмаса, артылып қалған азаматтардың сыртта жұмыс істеп, елге валюта жіберуі өте пайдалы деп саналады. Бұл таза Өзбекстан моделі. Бірақ халқы аз мемлекетте жұрттың бәрі сыртқа кетіп қалып, елдің іші босап қалса, онда экономикаға өте қауіпті. Бұған Молдова мысал бола алады,
деп жазды экономист.
Алайда Қазақстан осының қай жағында екені әлі белгісіз. Елде гастербайтерлер санының қауіпсіз шегін анықтайтын, идеалды балансты табатын құрал әлі жоқ.
Бізге өтірік мифтерге сенуді қою керек. Қазақстан бай мемлекет емес. Қазақстан еш уақытта да бай мемлекет болмаған. Әділетті орны — кедей елдерден жоғары, ортанқол елдерден төмендеу. Ал Англия — бай мемлекет. Ол шынымен де ауқатты ел. Сондықтан Англия фермалары беретін жұмыс ставкасын Қазақстан қанша тыраштанса да тауып бере алмайды. Қазір Англия біздің жастарға азғантай уақытта мол табыс табуға, өзінің әлеуметтік қиындықтарын шешіп алуға мүмкіндік беріп отыр және жастарымыз оны ұтымды пайдалануда,
деп есептейді ол.
Ал бұл өз кезегінде ішкі әлеуметтік жағдайдың жақсара бастауына, банк секторындағы проблемалық кредиттер көлемінің азаюына, ішкі тұтынудың белсенді динамикасын сақтап қалуға көмектеседі, деп есептейді.