Ресейлік «Камызяки» КВН командасының мүшесі, этникалық қазақ Азамат Мұсағалиев пен команда бойынша серіктесі Денис Дорохов оккупацияланған Донецкке барып, Саур-Могила мемориалдық кешенінде Донбассты азат етудің 80 жылдығына арналған концертке қатысты.
Екі өнерпаз концерттен кейін журналистерге сұхбат беріп, жергілікті тұрғындарға амандық тілеген екен. Сөз сөйлеген видеосы да Желіде кең таралды.
Көрермендердің көбі әзілкештердің бұл әрекетін қатаң сынға алып жатыр. Instagram парақшаларына шабуылдан шаршаған Азамат Мұсағалиев пікір жазуды шектеп қойған. Қазақстандықтар өнерпаздардың қазанда Алматы мен Астанада өтетін концерттеріне байкот жариялауда.
Белгілі тележүргізуші Алмас Алтай Facebook парақшасына Донбассқа барып, ресейдің басқыншылық соғысын әділ майдан ретінде дәріптеп жүрген әзілкештердің концерті өтпеуін талап етті.
«Иә, қаным қазақ. Алайда, мен Ресейде тудым, менің Отаным — Ресей. Мені «этникалық қазақ» деп қазаққа тартудың еш мағынасы жоқ, мен орыспын.
Қазақстанда жанкүйерлеріміз көп, мен бұған қуанам. Алайда, Қазақстанға деген сезімім сол Белорусьқа деген сезімнен артық емес…» депті Азамат Мусагалиев деген сайқымазақ «қазақ».
Жетінші қазан күні осы жігіттер Астанада концерт бермек көрінеді. Билеттер 22 000 — 45 000₸ аралығында. Донбассқа барып, ресейдің басқыншылық соғысын әділ майдан ретінде дәріптеп жүрген бұндайларға Астана сахнасында орын болмауы керек! Жеңіс Қасымбек, бар болсаңыз, дереу тоқтатыңыз!”,
деп жазды ол.
Осының алдында ғана ресейлік тағы бір әртіс Никита Джигурда: «Қазақстанда «русофобия мен ұлтшылдық» өршіп кетті. Мен Путинді қолдаушымын. Сондықтан мен Қазақстанға бармаймын. Қазақтар русофоб», — деген еді.
Бұдан бұрын да Қазақстанға қарсы даулы мәлімдеме жасаған ресейлік әртістер аз болған жоқ. Украинадағы соғысты қолдаушы Полина Гагарина, Григорий Лепс, Ирина Дубцова қазақ жеріне келем деп, қоғам өре түрегелген соң келе алмай қалған.