Қазақша субтитрлер де, дубляж да көрермен санын көбейте алмай отыр.
Субтитрлер сын көтермейді
Шетелдік фильмдерді қазақ тіліне аудару мәселесі соңғы 10 жылда бірнеше рет көтерілді. Бастапқыда көрермендер барлық фильм қазақ тіліне аударылуы керек деді. Алайда, кинотеатр басшылары фильмді аудармасымен бірге ресейлік дистрибьютерлерден сатып алатындықтан, бұл шешім бола алмады.
2019 жылы мәжіліс депутаттары ең дұрысы — шетелдік фильмдерді қазақша субитрлармен көрсету деген шешімге келді. Кинотеатрларға заңға бағынып, барлық фильмге қазақша субтитр қосу міндеттелді.
Алайда, қуаныш көпке созылған жоқ. Көрермендер субтитрлардың грамматикасы мен мәтіннің мазмұны сын көтермейтінін айтып наразы болды. Бұл мәжіліс депутаттарын қазақ тілі дубляжына қойылатын талаптарды күшейту туралы тағы да заң қабылдауына мәжбүрледі. Жаңа заң бойынша аударма нормасы жіті қадағаланатын болды.
Десе де субтитрлардың сапасыз аудармасы және техникалық ақаулардан оқылмай қалатыны туралы шағымдар әлі де жарияланып тұрады. Ал дубляж режиссері Назерке Лесбекқызының пікірінше, субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіріп отыр. Өйткені, Қазақстанда тұрып, кинотеатрдан орыс тіліндегі фильмдерді көру ақылға қонымсыз.
Қазақстанда субтитрді ешкім оқымайды да. Өйткені, бәрі орыс тілін біледі. Еш пайдасы жоқ дүние үшін ақша жұмсап жатырмыз. Мысалы, балаларға арналған фильмдердегі субтитрді ешкім оқып үлгермейді. Бұл балалардың құқығы бұзылып жатқанын білдіреді. Әр бала мультфильмді қазақ тілінде көруге құқылы,
дейді Назерке Лесбекқызы Informburo.kz сайтына берген сұхбатында.
Туған тілімізде кино көру қиындап кетті
Субтитрдан бөлек, шетелдік туындыларды «Болашақ» корпоративтік қоры да дубляждайды. «Болашақ» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гапланның айтуынша, 10 жыл ішінде «Болашақ» қоры демеушілердің қолдауымен отбасылық көруге арналған 38 фильмді қазақ тіліне дубляждап, әлемдік анимация және ойын киносы шедеврлерінің қазақ тіліндегі алтын қорын құрды. Оның ішінде 15 Disney студиясының фильмдері, 9 Disney және Pixar студияларының бірлескен анимациялық фильмдері, 6 Sony Pictures студиясының фильмдері, 2 — Lucasfilm Ltd., 4 — Marvel Studios Inc. және 2 — Bazelevs. Жобаның арқасында бүгінде 100-ден астам отандық актер Disney дауыстық базасында тұр. Жыл сайын дубляжға 300 қазақстандық актерлер мен әртістер қатысады.
Осылайша кем дегенде бір әлемдік премьера жыл сайын кәсіби қазақ тіліне аударылады. Бұл да мәселені бүтіндей болмаса да, жартылай шешкендей болған еді. Алайда олардың көрсетілімі де жыл сайын қоғамда шуға ұласады.
Көрермендер кинотеатрда қазақшаға дубляждалған фильмдердің көрсетілім саны тым аз және ыңғайсыз уақыттарға қойылатынына жиі шағымданады. Ал кейде кинотеатр өкілдері адам аз жиналғандықтан, бастапқыда қазақша көрсетіледі деген фильмді орысшаға ауыстыра салатын да жағдайлар кездескен.
Биыл «Болашақ» корпоративтік қоры аударған «Қара қабылан: Ваканда жасасын» блокбастері қазақшаға дубляждалып, ел кинотеатрларына жол тартты. Бірақ, көрермендердің айтуынша, қазақша аударылған фильмнің көрсетілім саны тым аз, әрі ыңғайсыз уақыттарға қойылған.
Астаналық тұрғын Есбол Нұрахмет осы мәселені көтеріп Facebook парақшасында жазған.
«Әдемілеп қазақшаға аударған. Енді кинотеатрларда күні бойы 10-15 сеансқа дейін қойып жатыр. Соның тек біреуі әрең қазақша, оның өзі не таңертең, не түске қарай. Бұл не деген иттік? Жұрт жаппай көріп, әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр, бірақ орысша көріп жатыр. Орысша көруінің басты себебі – ыңғайлы уақытқа қоймауынан деп қана түсінемін. Министрлік қаншама қаржы жұмсап, қазақшаға аударған екен, енді соның ыңғайлы уақытқа қойылуына неге мән бермейді?»
деп жазды ол.
«Болашақ» корпоративтік қорының өкілі Айымгүл Орынбаеваның айтуынша, кинотеатр — бұл бизнес. Қай фильмді қай уақытқа қою керегін олар өздері шешеді. Сондай-ақ адамдардың да қазақшадан гөрі фильмді орысша көру ыңғайлырақ деген түсінік қалыптасқан.
«Кинотеатрлар кәсіпкерлердің меншігінде. Біз фильм шыққан сайын күнделікті кестені жинаймыз. Кинотеатрларға қоңырау шаламыз, қазақ тілін қолдауға шақырамыз, бәріне ыңғайлы уақытқа қоюын сұраймыз. Ал кейбір кинотеатрлар біздің өнімімізді «қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс жоқ «деген сылтаумен мүлдем қабылдамайды. Жалпы сұраныс бар. Бізге күніне жүздеген хабарламалар келеді, фильмдер ыңғайсыз уақытқа қойылған деп шағымданады. Біз сұраныс бар екенін білеміз, бірақ кинотеатрлар өз кезегінде мұны мойындамайды. Егер кешкі және түнгі сессиялардың саны едәуір көбейсе, онда келушілер саны артып, бұл өнім орыс тіліндегі фильмдермен бәсекелесе алар еді. Көбісі фильмдерді орыс тілінде көруге дағдыланған. Бірақ біз дубляж тілін мүмкіндігінше жеңіл, жылдам, түсінікті ету үшін сапалы өнім жасаймыз», — дейді ол Елорда Инфо порталына берген сұхбатында.
Проблеманың шешімі
Журналист Жалғас Ертай кинотеатрда қазақ дубляжына баратын адамды қалай көбейтуге болатыны туралы Мәдениет министрі Дәурен Абаевқа сауалхат жолдапты.
Оның айтуынша, қазақша дубляждалған фильмдерге адамдар аз баруының екі себебі бар:
- Біріншісі — халықта қазақшаға аударылған фильмдерге бару дағдысы жоқ.
- Екіншісі — әлеуметтік себеп, яғни кино билеттері көпшілік үшін қымбат.
Бизнестің прайм-тайм уақытына орысша дубляждалған фильмдерді қоюының басты себебі осы, дейді журналист.
Ал мұның шешімі, Жалғас Ертайдың пікірінше, үкімет қазақша дубляждалған фильмдердің билет құнына субсидия беруі керек. Яғни, қазақша дубляждалған фильмдердің билеті әдеттегі фильмдердікіндей 2000 теңге емес, 1000 теңгеге арзан болуы тиіс. Қалғанын мемлекет субсидияласын.
Егер мемлекет билеттің 50 пайызын субсидияласа, кинотеатрлар да қазақша дубляжға көбірек адам келуіне мүдделі болар еді. Кинотеатрлар да ұтар еді, контентті қаржыландырып отырған мемлекет те ұтар еді. Халықта да қазақша киноға бару дағдысы қалыптасар еді.
Бірақ бұл жерде басты нәрсе — субсидия мәңгі болмауы керек, 3-5 жыл бойы жалғасса жетер деп ойлаймын. Ары қарай нарық өзі алып кетеді,
дейді Жалғас Ертай.