Халықаралық хоккей федерациясының президенті Люк Тардиф 2027 жылы елімізде хоккейден әлем чемпионаты өтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Ақорда жазды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық хоккей федерациясының президенті Люк Тардифті қабылдады.
Мемлекет басшысы елімізде хоккей спортына қызығушылық артып келе жатқанын, балалар мен жасөспірімдерге арналған хоккей мектептері мен жастар командасы саны көбейгенін айтып өтті. Бүгінде спорттың осы түрімен 14 мың аса адам шұғылданады.
Кездесуде спорт инфрақұрылымдарының мүмкіндігіне ерекше мән берілді. Осы ретте президент еліміздің 2027 жылы әлем чемпионатын өткізуге жолдаған өтінімі 2023 жылы мамырдағы дауыс беру кезінде қолдау тапса, Қазақстанның осы шараны ұйымдастыруға дайын екенін айтты,
делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық хоккей федерациясы өз тарихында Азия құрлығында ешқашан жоғары деңгейдегі чемпионаттар өткізбегенін айтып өтті.
Люк Тардиф елімізде халықаралық жарыстарды өте жоғары деңгейде өткізуге қажет барлық инфрақұрылым бар екенін жеткізді.