Қазір әскердегі сарбаздар өлімі жиілеп кетуінің басты себебі – әскердегі тәртіптің әлі сол бұрынғы кеңес үкіметінің жүйесінде қалып қоюы. Ол заманда борышын өтеушілер әскери қысымға шыдай алды. Ал қазір телефон ғана қолданып, қиыншылық көрмеген жастар әскерге баруда, деген екен психолог Ермек Нұрымов adyrna.kz сайтымен бөліскен пікірінде.
Қазіргі ұлдар әскердегі қатаң жүйеге төзе алмай, әсіресе психологиялық әлсіз балалар шыдай алмай жатады. Бұл – бір. Екіншіден, әскерде болсын, жалпы біздің қоғамда болсын, ұлттық идеологияның әлі пісіліп-жетілмеуінің салдарынан болып отыр. Өзге мемлекетпен салыстырып қарайтын болсақ, мәселен, мұсылман мемлекеті Түркия. Ол жақта әскери борыш мерзімі 2 немесе 3 жыл. Сонда да олар “елімді, жерімді қорғаймын” деп, әскерге баруға талпынып тұрады. Өйткені олардың идеологиясы, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мүлде басқа. Ал біздің идеологияның кемшіл тұстары өте көп. Жастардың нақты мақсаты жоқ болғандықтан, мәжбүрлі түрде әскерге барғандықтан әскерде шыдай алмай жатады, дейді психолог.
Ермектің айтуынша, әскерде өз-өзіне қол жұмсаудың салдары ата-ананың балаларына рухани азықты толыққанды бере алмағанынан болуы мүмкін.
Қазір жұмысбасты ата-аналар балаларына рухани азық бере алмай, әскердің маңыздылығын түсіндірмей жатады. Шетел психиатрі, ғалым Виктор Франкл фашистердің еврейлерді қамап ұстап отырған кезінде суицидтің салдарын зерттейді. Еврейлер қиналып жатқан кезде ішінде қанша қиындыққа төтеп бергендері бар. Бірақ қиыншылыққа шыдамай, сол жерде өзіне-өзі қол жұмсағандары да бар. Солардың арасын ажыратып, зерттеген кезде мынадай тұжырымға келген: адам іші бос, қуыс, яғни нақты мақсаты, өмірге деген сүйіспеншілігі, рухани азығы болмағанда өзін өлімге итермелейді екен,
дейді ол.
Сондай-ақ, рухани азықтан бөлек, адам психологиялық азықпен де сусындауы керек екен.
Адамда негізі үш азық болуы керек. Біріншісі, ол – рухани азық, екінші – материалдық азық, үшінші – психологиялық азық. Әке-шешесі материалдық жағынан қанағаттандырамын деп жұмыс істеп, киіндіріп, ішіп-жегізіп жатыр дейік. Алайда балаға рухани қолдау, психологиялық тұрғыдан көмек жоқ. Бала кезден ұлттық тәрбиені, ұлттық құндылықтарды толыққанды сіңдіре алмайды. Мысалы, ненің жаман, ненің жақсы екенін көрсету керек. Кішкентайында ертегі айтып, батырлардың ерліктерін айту керек. Осындайды жастайынан сіңірмеген баланың психологиясы өте әлсіз болады. Одан кейін геннен келуі де мүмкін. Ата-бабалары суицидке жақын болуы мүмкін. Мұны да зерттеу керек, дейді психолог.
Психологтың айтуынша, кез келген адам әскерге бармас бұрын психологиялық дайындықтан өтуі керек.
Мен студенттерімнен “әскерге барғыларың келе ме?” деп сұрағам. Сонда түсінгенім, қазақ тобының 99%-ы “барамын” деп құлшынып отырады. Ал орыс тобының басым көпшілігі “уақытымды текке құртпаймын, бармаймын” деп жауап береді. Сонда бір жағынан қарап отырсақ, ауылда өскен, немесе сол таза қазақи отбасындағы балалардың елін қорғау, отанын қорғауға деген құлшынысы бар екенін байқайсың. Ал орыс тобында өскен балалардың мейлі, қазағы болсын, орысы болсын, олардың баруға деген ынтасы төмен. Әскерден қорықпау үшін отбасынан бөлек, мектеп қабырғасында да үйрете беру қажет. Қазіргі жастарға аға буынмен араласу, әңгіме-дүкен құру жетіспейді. Соның салдарынан әскерде зардап шегіп жатады,
деген екен психолог.