Қазақстандық әлеуметтанушы Серік Бейсембаев өзінің Qogammetrika Телеграм арнасында «Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша алғашқы қатарда» деген ақпаратқа фактчекинг жүргізген екен. Шын мәнінде, Google Қазақстан 4,6 деген көрсеткішпен Мальдивадан кейін екінші орында деген ақпаратты береді. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде кеңінен вирусталып, әжептәуір резонанс тудырғаны да белгілі.
Бірақ, әлеуметтанушыда бұл дерек күмән туғызады, себебі, айтуынша, ресми статистика бойынша бізде ажырасу коэффициенті ешқашан 3-тен асқан емес.
Бірнеше сайтты ақтарғаннан соң барлығы worldpopulationreview.com деген ресурсқа сілтеме жасайтынын көреміз. Бірақ бұл еш ресми ұйым емес, жай статистикалық агрегатор екен. Олар 2023 жылғы ажырасу бойынша жарияланымда Қазақстанды екінші орынға қойған, және ақпарат көзі ретінде Біріккен ұлттар ұйымына сілтеме жасаған,
деп жазды Бейсембаев.
Бұдан соң әлеуметтанушы БҰҰ сайтына кіріп, әлеуметтік статистика бөлімінен ажырасуға қатысты жинақты жүктеп алады. Құжатта Қазақстандағы ажырасу бойынша соңғы статистика 2021 жылға берілген, және ажырасу коэффициенті 2,5 деп тұр, ал бұл біздегі ресми көрсеткіш. Демек, жоғарыдағы ресурс қате дерек беріп келген.
Ең сорақысы бұл фейк ақпаратты тіпті біздегі үкіметке қарасты Экономикалық зерттеулер Институтының өзі көшіріп алып, мақала қып шығарған. Мамандар өздеріне қарасты Ұлттық статистика бюросы беретін деректермен салыстырмаған да.
Сонымен, біз ажырасу жағынан әлемдегі лидерлерге жатпаймыз. Тіпті Уикипедияның өзін ашсаңыз бұған көзіңіз жетеді. Соңғы 2022 жылғы дерек бойынша, ажырасу коэффициенті 2,27 құраған, 2019 бері бұл көрсеткіш тұрақты төмендеп келеді,
деп қорытындылады әлеуметтанушы.