Қазақстан әйелдер құрамасы Ченнайда (Үндістан) өтіп жатқан Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында үшінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Тоғызыншы раундта Болгарияны 3:1 есебімен жеңгеннен кейін осындай жетістікке жетіп отыр. Өз партияларында Жансая Әбдумәлік пен Гүлісхан Нахбаева жеңске жетсе, Бибісара Асаубаева мен Ксения Балабаева тең түсті. Енді командада жеті жеңіс, тең ойын және бір жеңіліс бар. Бұған дейін қазақстандықтар әйелдер арасындағы турнир кестесінде алтыншы орында болған.
Ал ерлер командасы Сербиядан ұтылды — 1:3. Муртас Қажғалеев пен Арыстанбек Уразаев тең ойнады, ал Ринат Жұмабаев пен Алишер Сүлейменов жеңіліс тапты. Қазақстан үшін бұл қатарынан екінші және турнирдегі үшінші жеңіліс.
Матч алдында қазақстандық шахматшылар 12-ші орында болған. Енді олар 25-ші жолға түсті.
Бүгін, 8 тамызда Қазақстан әйелдер құрамасы турнир кестесінде екінші орын алатын Олимпиада иелері — Үндістанмен ойнайды. Ерлер командасы 27-ші орындағы Хорватиямен ойнайды.