Министрлік бір айдан астам уақыт бұрын Роспотребнадзордағы әріптестерінен маймыл шешегін диагностикалауға арналған ПТР тест жүйелерін сатып алған.
Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегін анықтауға арналған ПТР-тесттер алғанын хабарлады. Министрлік тестіні кімге қолдануға болатыны туралы айтып берді. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты жазды.
Бүгінде бүкіл әлемде маймыл шешегі диагностикасы ПТР-тест негізінде зертханада жүргізіледі. Маймыл шешегіне тән клиникалық сипат бар екенін ескерсек, ондай сипаты жоқ, бірақ шартты түрде тестілеуге келген адамға сынақ жүргізілмейді,
деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова.
Оның айтуынша, маймыл шешегіне тән клиникалық сипат пайда болғанда ғана диагностика жүргізіледі. Ең бірінші белгілер, олар: дене қызуының көтерілуі, дененің ерекше бөртіп кетуі.
Сол бөртпелер осы ауруға тән. Сондықтан кез келген инфекционист дәрігерге пациентпен сөйлескенде дене қалай бөрткені, дененің қай жері бөртіп, оның қалай көбейгені түснінікті. Әрине, эпидемиологиялық анамнез, яғни маймыл шешегі тіркелген елде кейінгі 3 аптада болғаны да тән. Осылар диагностикаға негіз болады,
деді ол.
ДДСҰ маймыл шешегін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп таныды.
Айжан Есмағамбетова вирус таралу қаупі жоғары елдерге Еуропа жататынын, ал Қазақстанда аурудың таралу деңгейі төмен екенін айтып өтті.
Вакцинацияға келсек, бәріміз 1980 жылға дейін табиғи шешекке қарсы вакцина салдырғанбыз. Бұлардың бәрі — туыстас вирустар. Ғалымдардың дерегі бойынша, табиғи шешекке қарсы вакцина салдырғандар маймыл шешегінен қорғалған деп саналады. Ол адамдар ауырып қалса, ауру ағымы жеңіл өтеді.
Бүкіл халыққа маймыл шешегіне қарсы вакцина салдыруға қатысты ДДСҰ-ның нақты ұсынымдары бар. Халықтың бәрі вакцина салдыруы керек емес, өйткені вирус дене тым жақын болған кезде ғана жұғады. Қоғамға жылдам таралмайды. Маймыл шешегімен ауыратын адаммен бір үйде тұратын, шешекпен ауырған адамдарға көмек беретін медқызметкерлер сияқты ауруға жақын жүретін адамдарға вакцина салдыруға болады.
Айта кетейік, маймыл шешегі — бұл сирек кездесетін вирустық зоонозды ауру, ол жануарлардан адамға жұғады. Бұған дейін Нью-Йоркте өршіп бара жатқан маймыл шешегімен күресу үшін үш жаппай егу пунктері ашылғаны хабарланған еді.