Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы жыл сайынғы есебін жариялады. Онда Қазақстан интернеті «еркін емес» елдердің қатарына енген.
Сарапшылар елдердің рейтиңін жасаған. Зерттеу кезінде мемлекет қаншалық жоғары балл жинаса, сол елде соншалық интернет еркін дегенді білдіреді. Ұйым сарапшылары 70 елдегі интернет жағдайын зерттеді. Нәтижесінде Исландия, Эстония және Канада халқы ең еркін интернетке ие болып шықты. Оған қоса бұлардың қатарына бірқатар Еуропа елдері, Коста-Рика, Жапония, Австралия, Оңтүстік Африка Республикасы, Аргентина, Грузия мен Армения қосылды.
АҚШ-тағы интернет те «еркін» деп аталды, бірақ баяндама авторлары АҚШ-тың рейтиңдегі позициясы бесінші жыл қатарынан төмендеп бара жатқанын атап өтті.
Украина рейтиңде 62 ұпай жинап, Эквадормен бір қатарға жайғасты. Бұл елдерде интернет «ішінара еркін» болып танылды. Қырғызстандағы интернет те «жартылай еркін» болып аталды.
Интернет еркіндігі жағдайының ең қатты нашарлауы Мьянма, Беларусь және Угандада байқалды. Беларусь рейтингте 31 ұпай жинады. Қазақстан мен Судан (33 ұпай), Бахрейн мен Ресей (30 ұпай) алды. Тізімді Мьянма (17 ұпай), Иран (16 ұпай) және Қытай (10) аяқтады. Баяндама авторлары бұл елдердегі интернетті «еркін емес» деп атады.
Қаңтар оқиғасы және интернеттің бұғатталуы
Есеп авторларының мәлімдеуінше, Қазақстанның интернеті «еркін емес» мемлекеттердің қатарында қалуы елде болған оқиғалар және өзгерістермен тікелей байланысты. Соның бірі — қаңтар оқиғасы.
Баяндамада қаңтар оқиғасы кезінде үкіметтің бұкіл ел бойынша интернетке қол жеткізуді шектегенін, тек үш күннен кейін ғана интернетті қалпына келтіре бастағанын жазған.Оған қоса кейбір БАҚ өкілін наразылық шараларына қатысты ақпарат таратпауға мәжбүрлегенін, ал оқиғаны жариялаған журналистер мен Қазақстан азаматтары заңсыз қамауға алынып, физикалық шабуылдарға ұшырағанын баяндалған.
Сонымен қатар 2021 жылдың шілдесінде қазақстандық олигархтармен, саяси қайраткерлермен, журналистермен және белсенділермен байланысы бар телефон нөмірлері Pegasus шпион бағдарламасы арқылы аңдылғаны туралы сөз өрбіген.
Ауылдардағы нашар интернет
2022 жылғы жағдай бойынша халықтың шамамен 40%-і тұратын ауылдарда интернетті пайдалану қиын. Үкімет «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты 5G арқылы жоюы қажет еді. 2020 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша үкімет Қазақстанның ауылдық және қалалық аймақтары негізінен ұялы байланыстың арқасында тең интернет ие екенін айтқан. Алайда ауылдық огкруг басшыларынан интернеттің сапасына қатысты шағымдар түскен.
Контентті бұғаттау
Үкіметтің онлайн контентті бұғаттауға өкілеттігі бар. 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде бірнеше ақпарат агенттіктеріне ғана жаңалық таратуға рұқсат етілді. Ал тәуелсіз сайттарға интернет қалпына келмегенше жұмысын істеуге мүмкіндік болмады. Сол уақытта Власть, КазТАГ журналистері Telegram арналарына жаңалықтарды жариялап отырды.
Баяндама авторлары билік деректеріне сүйеніп, 2021 жылы 10 578 парақша бұғатталғанын жазған. Көбіне порнографиялық ақпарат, суицидті насихаттау немесе онлайн құмар ойындарға қатысты ақпараттар бұғаттауға себеп болған. 2022 жылдың алғашқы бес айында 2 495 парақша бұғатталды.
Осылайша, Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының рейтиңінде Қазақстан 70 мемлекет ішінде 53-орынға жайғасып, интернеті «еркін емес» ел болып саналды.