17 қараша күні «Астана Арена» стадионында 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Сан-Марино құрамасы арасында матч өтеді. Матчқа 4 күн қалды. Дайындық қызу үстінде.
Матчтың басталуы – сағат 21:00-де.
30 000 адамға арналған стадионда өтетін маңызды кездесуге билеттер толығымен сатылып кетті. Күннің суығына қарамастан, ұлттық құраманы қолдауға келетіндер саны қуантады.
Осы ретте, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен Ыстамбұлдың «Бешикташ» клубының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов Instagram парақшасында қазақстандық жанкүйерлер мен ұлттық құрама ойыншыларына үндеу жасады.
Баршаңызға жылы лебіздеріңіз үшін шексіз алғысымды айтамын! Жігіттерге ұлттық құраманың маңызды матчтарында тек сәттілік тілеймін! Алға!
Өкінішке қарай Бақтиер Зайнутдинов Сан-Марино және Словениямен өтетін матчтарға қатыса алмайды. 12 қарашада «Бешикташ» – «Ыстамбұл Башакшехир» матчында мұрын сүйегі мен көз ұясының негізін сындырып алған. Емделуге кеміне 2-3 апта уақыт кетеді.
Жоспар бойынша Бақтиер Зайнутдинов ұлттық құрама сапына бүгін қосылу керек болатын. Өкінішке қарай, оқу-жаттығу жиынын және шешуші екі ойынды жіберуге мәжбүр.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, футбол кезінде арнайы шаттл-автобустары қатынайды.
Сондай-ақ, жанкүйерлердің ыңғайлылығы үшін және жолдарда көлік кептелісін азайту мақсатында Астананың 5 тұрақ торабынан сағат 19:30-да арнайы шаттл-автобустары жүреді:
— «Астаналық цирк» автотұрағы;
— «Қазақстан» СК автотұрағы;
— «Әзірет Сұлтан» мешітінің тұрағы;
— «Әбу Насыр Әл-Фараби» мешітінің тұрағы (Нұр-Астана);
— «Жастар» сарайы тұрағы.
Ойын аяқталғаннан кейін футбол жанкүйерлері сондай-ақ, қосымша №№ 10, 12, 21, 26, 27, 28, 37, 40, 49, 51, 53, 60 қалалық және № 303 қала маңы бағдарларымен кете алады. Автобустар Қабанбай батыр даңғылындағы аялдамаларда күтеді.
Жолақысы – 90 теңге. Жолақысын көлік картасымен немесе QR-код сканерлеу арқылы төлеуге болады. Жеңілдігі бар көлік карталары жарамды.