Өткен аптада әлеуметтік желілердегі қазақ оқырмандары ішінара мобилизациядан қашқан ресейліктер туралы талқыны одан әрі жалғастырды. Сондай-ақ тұңғыш президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының 6 жылға сотталуын, әнші Төреғали Төреәлінің бұзақылығын талқылады.
Өткен аптада тұңғыш президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін 6 жылға сотталуы ел назарында болды. Көпшілік соттың бұл шешімімен келіспеді, «6 жыл тым аз» десті жұрт. Жаңалыққа жазылған пікірлерден көп адамның мұның бәрі спектакль екеніне сенетінін байқауға болады. Жұрттың болжауынша, Қайрат Сатыбалды әрі кетсе 3 жыл отырып, кейін шартты түрде мерзімінен босап шығады.
Ресейде жарияланған ішінара мобилизация қазақстандықтардың, оның ішінде қазақ аудиториясының басты назарында. Ресейліктердің Қазақстанға ағылуының перспективасы бұлынғыр болғандықтан жұрт мұны жамандыққа балайды. Әсіресе ресейліктерге ЖСН беру үшін Астанада қосымша ХҚКО ашуы, әрі Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің өзі жеке барып, процестің қалай жүріп жатқанын тексеруі жұрттың ашуын туғызды. Көпшілік «Неге көршілерге сонша жағымпазданамыз, неге өз мәселемізді осылай шешіп алмаймыз» деп ренжіді.
Дегенмен, өткен аптада бұл үрдістің позитивті тұстары да көріне бастады. Жергілікті орыс әйелдің «Қазақстан үшін соғысуға дайынмын» деген видеосы көпшілікпен жылы қабылданды. Сондай-ақ, жергілікті орыстар оларды ресейліктерден қалай ажырату керектігі туралы әзіл-қалжың аралас түрлі видеолар жариялай бастады. Көпшілігі қазақ әріптерін дұрыс дыбыстап, әжептәуір қазақ тілін білетіндерімен бөлісе бастады. Ал пысық маркетологтар «Мен местный орыспын» деген жазуы бар футболка, худилер шығара бастады. Бұған сұраныстың жоғары болуы қазақтарға майдай жақты.
«Ауыл» партиясының атынан 67 жастағы Жигули Дайрабаев президенттікке үміткер атануы көптің талқысына түсті. Әсіресе кандидаттың есімі түрлі әзіл-қалжың пікірлердің тууына себеп болды. «Есімі сенім тудырмайды, тым құрығанда «Тойота» болса», «Жаңарақ «Мерседес» жоқ па екен?», «Енді жетпегені «Жигули» еді, «Мицубисиді» де көрдік», «Даудың басы Дайрабайдың жигулиі», «Жигули» шауып, бәйге алмас» сынды түрлі пікірлер жазылды. Сонымен қатар, пікірлердің ауанынан көп адам президенттікке егде жастағылар емес, жастардың үміткер болуын қалайтынын байқауға болады.
Өткен аптадан бері әнші Төреғали Төреәлінің Көлсай көлдерінде гид жігітті ұрғаны ел аузында. Гид жігіттің айтуынша, Төреғали оны оған қарағаны үшін ұрған. Жұрт бұл оқиғада екіге бөлінді. Бірі «тіпті әңгіме қылатындай оқиға емес», «ер шекіспей, бекіспейді», «гид – бәлеқор» десе, екіншісі әншіні бұзақылығы үшін жазалау керек, мәдениетті мәдениеті жоғары, әдебі түзу адамдар жасау керек деген пікір айтты.